ТКШ

Қоқыстарын көршілердің төбесіне тастайды



 

Бұл адамдардың дені Маяковский көшесінің байырғы тұрғындары. Сондықтан біздің келген себебімізді бірден түсінсе де, ақталып жатпады. Қоқысқа қатысты олардың үстінен түсіп жатқан шағымдар көп-ақ. Алайда нақты іс-әрекет байқалмағандықтан олар қаймығудан да қалған.  Қалдықтарды шығаруды қолға алған жаңа “Жолаушы СК” серіктестігі мұнда жақында екі қоқыс жәшігін қойған. Бірақ тұрғындар әдет бойынша әлі де үйренген орындарын пайдаланатын сыңайлы.

Тимур Мислауров ,  “Жолаушы СК” ЖШС директорының орынбасары:
-Перминов көшесінің тұрғындарынан шағымдар жиі келіп түседі. Олар көршілерінің тұрмыстық қалдықтарын төменге, үйдің аулалары мен төбелеріне лақтыратынын айтады. Біз мұнда арнайы жәшік қойып, күнде шығарып отырамыз. Ендігі амал – бұл маңға техниканы жұмылдырып, сенбілік өткізу қажет.

Ал Перминов көшесіндегі 78-ші үйдің тұрғындары Шевчуктар отбасы шашылған қоқыс пен жағымсыз  иістің азабын 25 жыл қатарынан тартып келеді. Қайырымсыз көршілер сөз тыңдаудан қалған, жоғарыдан көмек күтуден басқа амал жоқ деп күрсінеді олар.

Дмитрий Шевчук:
-Біз әкімдікке шағымдандық, учаскелік полицейлерге өтініш жаздық. Бірақ көмек жоқ. 200 теңгеден айыппұл салды, олар соны төледі де іс жабылды.

Игорь Красильников те ауласы қоқыстың астында қалған тұрғынның бірі.

Игорь Красильников:
Жоғарыда 37 пәтер бар. Бірақ ешқайсысы кінәларын мойындамайды. Қір-қоқыс өздігінен келіп, біздің басымызға түсіп жатқандай.

Қала көшелеріне 350-ге жуық қына сары түсті контейнерлер орналастырылған. Солардың екеуі Жамбыл көшесінің қиылысындағы 1г үйдің ауласына қойылды. Енді қалалықтар соларды орнымен пайдалануды үйренсе игі болар еді.

Каусар Аяпбергенкызы