Қылмыс

Нашақор-жүргізуші ұсталды

 

 

 

 Дүйсенбі күні «Егемен Қазақстан» және Букетов көшелерінің қиылысында жол жүру ережесін бұзудың өрескел фактісі тіркелді. «Тойота Ленвин» автокөлігінің жүргізушісі өзін тоқтатпақ болған полиция қызметкерінің белгісін байқамаған болып өтіп кеткен.

Бауыржан Мұқышев, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
-Көлік жүргізушісі менің заңды талаптарыма бағынбай қашып кетуге тырысты. Оны қуу кезінде түрлі белгілер көрсеттік. Бірақ ол ешқайсысына мән бермеді.

Қуғыннан қашып құтылмақ болған ол қарсы бағытқа шығып кетіп, жолда апатты жағдай тудырды, қиылыстан да өтіп кеткен. Сөйтіп, бірден бірнеше рет   ереже  бұзды. Дегенмен, жүргізуші алысқа ұзай алмады. Бензострой ауданындағы үйлердің бірінде жасырынбақ болған жерінен қолға түсті. Әкімшілік хаттама толтыру кезінде полицейлер одан сезіктеніп, наркологиялық орталыққа жіберген. Сараптама нәтижесі 29 жасар қала тұрғынының героин есірткісін қабылдағанын көрсетті. Алайда ол өзі мұны мойындамаған.

 Көлік жүргізушісі:
-Мен келіспеймін. Себебі тұмауға қарсы дәрі қолданған болатынмын.
Мүмкін сараптама осыны көрсеткен болар.

Екінші қайтара өткізілген сараптама нәтижесі де жүргізушінің ағзасында есірткінің болғанын анықтады. Қазірде бұл істі сотқа жіберу үшін құжаттар дайындалуда. Жыл басынан бері жол полицейлері есірткі қабылдаған күйде көлік жүргізген 69 жүргізушіні ұстаған. Олардың 60-ы автокөлік рөліне отыру құқығынан айырылды.
 

Кәусар Аяпбергенқызы