Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тамыздың бірі – теміржолшылар күні

 

 

Дәстүр бойынша теміржолшылар өздерінің кәсіби мерекесін тамыздың бірінші жексенбісінде тойлайды. Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесіндегілер мерекені «Жастар» стадионында қарсы алды. Жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Фархат Қуанғанов құттықтады.

Фархат Қуанғанов,облыс әкімінің орынбасары:
-1,5 ғасырлық тарихы бар теміржолдың ел экономикасының дамуына қосатын үлесі мол. Елбасының жолдауында аталып өткендей, көлік инфрақұрылымында темір жолды алға бастыру қажет. Біздің жол Қазақстан, Ресей және Белорусь кедендік одағында үлкен роль атқарады. Құрметті той иелері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз.Қызметтеріңіз табысты болсын.

 Петропавл темір жол бөлімшесінде 6 мыңнан астам солтүстікқазақстандық еңбек етеді. Олардың арасында ұзақ жылғы адал еңбегімен ерекше көзге түскендері  теміржол көлігін дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды. Сәбира Бесенованың теміржолға келгеніне 30 жылдың жүзі болған. Оның біліктілігі мен білімі  бағаланып, 2008 жылы Мамлют станциясының бастығы болып тағайындалған.

Сәбира Бесенова, ООТЖ Петропавл бөлімшесі Мамлют станциясының бастығы:
-Біздің жұмыста бастысы –  жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл теміржолшының парызы. Қызметтес әріптестеріме денсаулық тілеймін. Апат жағдайлары болмасын деймін.

Темір жолдарды қалпына келтіріп, техникалық ақауларды реттейтін жол монтерларының еңбегі де өлшеусіз. Осы салада 16 жыл жұмыс істеген Бейсембай Смағұлов та ескерусіз қалмады.

 Бейсембай Смағұлов, Петропавл бөлімшесінің ООТЖ жол монтері:
-Осы мерекемен өзіммен бірге істейтін жолдастарымды құттықтаймын. Бұл ауыр жұмыс. Ауыр болса да, жақсы жұмыс.

Салтанатты жиын әсем ән мен биге  ұласты.

 

Гүлден Сәрсенбаева