Спорт

Аулалық клубта шахматтан біріншілік өтті

 

 

 

 

Жасы 75-ке келген Анатолий Гвоздев әр таңын аула балаларын жинаудан бастайды. Күн сайын сағат 11 мен 12 аралығындағы уақытын кішкентай достарына арнайтын қария жастарға шахмат ойнауды үйретеді. 13 жыл бойы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шахматтан сабақ берген зейнеткер   жастарды патшалар ойынына баулуын еш жалыққан емес. Бүгінгі таңда ала тақта шеберінен 15 жасөспірім  тәлім алуда.

Анатолий Гвоздев, аулалық клуб жетекшісі:
Балалар ауладағы үлкендердің шахмат ойнап жатқанын көріп, қызығушылық таныта бастады. Ал оларды бұл ойынға үйрететін ешкім болмады. Сондықтан мен бұрынғы ұстаздығымды еске алып, осы аулалық команданы жинадым.

Лера Могунова – осы ауланың тұрғыны. Шахмат ойнауды алғаш рет ата-анасынан үйренген қыз оның қыр-сырын тереңірек меңгеру үшін Анатолий Гвоздевке келіп тұрады. Лераның білікті шахматшыдан тәлім алып жүргеніне 3 жыл екен.

Лера Могунова:
Маған шахмат ойыны өте ұнайды. Спорттың бұл түрі бұлшық етіңді шынықтырмаса да, ойлау қабілетіңді дамытады.


Жазғы демалыстарын тиімді өткізіп жатқан жасөспірімдердің ата-аналары ауладағы бұл пайдалы шараны құптап отыр. Олардың ойынша мұндай клубтар бала тәрбиесінде  аса қажет.

 

Зоя Баймұқанова:
-Мен біздің аулада осындай клубтың пайда болғанына қуаныштымын. Келешекте осындай үйірмелер басқа да аула тұрғындары үшін өз қызметін көрсетсе құба-құп.

Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Андрей Вакула еншіледі. ІІ орынға Сергей Нилов  ие болды.  Үздіктер қатарына үшінші болып Олжас Сәбитов енді.

Гүлден Сәрсенбаева