Әр түрлі

Петропавлдың Құрметті азаматы Анатолий Мишин – 70 жаста

 

 Депутат Анатолий Мишин  еңбек жолын қарапайым радиомеханик көмекшісінен бастаған. Көп ұзамай,  “Облбытрадиотехника” кәсіпорнына директор болып тағайындалып, ұжымды отыз жылдан аса басқарды. Елдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген халық қалаулысы қала өміріне қатысты әр мәселені бүге -шігесіне дейін анықтап, шешімін табуға асығады.  

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Ұзақ жылдардағы еңбегі үшін Анатолий Иванович мемлекеттік наградалармен, мерейтойлық медальдармен Президент Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс тұрғындары және өз атымнан сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Денсаулық, табыс тілеймін. Сізді қала, облыс депутаттары арасындағы ең белсендісі деп білемін. Әсіресе, энергетиктер тариф мәселесіне келгенде сізбен есептесетінін  байқаймын.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін Анатолий Мишинге облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді.   Анатолий Ивановичті үзеңгілес әріптестері де құттықтады.

 Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Анатолий Мишин 30 жыл бойы үздіксіз қалалық мәслихат депутаты болып сайланып келеді. Біз біраз уақыт қызметтес болдық, депутат ретінде де Анатолий Иванович қаланың дамуына мол еңбек сіңіргенін білемін.

 Александр Казанцев, қалалық мәслихат депутаты:

-Ол – тыным табуды білмейтін адам. Ол әр мәселені түбегейлі қарастырады. Өткір мәселелерді айналып өту жоқ.


Үстіміздегі жылы Анатолий Мишинге Петропавл қаласының “Құрметті азаматы” атағы берілді. Өзінің мерейтойында игі тілектер астында қалған депутат әр жеткен жетістігі әріптестерінің қолдауының арқасында мүмкін болғандығын ерекше атады.

Анатолий Мишин, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-Менің өмірімде біліктілігі мол ұстаздар, қарапайым адамдар көп кездесті. Олардың барлығы маған қоғамдық жұмыспен айналысуды үйретті. Бүгінгі құттықтауларыңыз үшін үлкен рақмет.

Жетпісті еркін желкелеген халық қалаулысы алдағы уақытта да қала, облыстың дамуына үлес қосып, халық мұқтажын орындау мақсатында еңбек ететіндігін айтты.

 Әсем Сембина