Құқық қорғау органдары

Облыстық прокуратура жартыжылдықты қорытындылады

 

 

 

Үстіміздегі жылдың алты айында прокурорлар барлық салада кешенді тексерістер жүргізген. Нәтижесінде көптеген заңбұзушылықтар анықталыпты. Еңбек туралы заңнаманың талаптарын бұзу фактілері тіркелген. «Биохим» АҚ филиалына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. 44 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Жол картасы» бойынша бөлінген қаржының мақсатты және тиімді жұмсалуы прокурорлардың ерекше назарында. Мемлекеттік бағдарламаның орындалуында олқылықтар бар.

Асқар Досекенов,  Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры:
-Тексеріс қорытындысына сәйкес мәдениет нысандарын күрделі жөндеу бойынша өткізілген байқау заңсыз деп табылды. Бұл – 360 млн. теңге. Сондай-ақ 590 млн. теңгеге мемлекеттік сатып алу қорытындысы жарамсыз. Ұйымдастырушылар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, екінші рет байқау заңнама шеңберінде өткізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың өткен жылмен салыстырғанда өскені байқалған. 49 факті тіркеліпті. 25 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олардың қатарында бір депутат, үш әкім, ішкі істер басқармасының екі қызметкері бар. Тіркелген қылмыстардың көпшілігі бюджеттік қаржыны ұрлауға қатысты екен. Кездесуде жақында 164/4 түзету мекемесінде орын алған жағдайдың мән-жайы да айтылды. Шілденің 21 -22-сі 38 сотталушы өздеріне қол жұмсаған болатын. Олардың оны емдеу мекемесіне жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген. Бүгінде денсаулықтары жақсарған сегізі жазасын өтеп жатқан жерге  қайтарылып, екеуі әлі емделіп жатыр. Қазіргі күні бұл оқиға бойынша тексеріс шаралары жалғасуда

Асқар Досекенов,  Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры:
-Біз жүргізген тексеріс нәтижесі бойынша он бес күндей  түзету мекемесі басшылығының болмағаны анықталды. Зейнеткерлікке шығуға байланысты түрме басшысы жұмыстан босатылған. Оның алдында қырық күн демалыста болыпты. Осы жағдай әсер етті деп ойлаймыз. Екіншіден, сотталғандар тәртіпті босаңсытуды , медициналық көмек пен азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсартуды талап еткен.

Асқар Досекенов жазасын өтеушілердің  барлық талаптары сарапталып жатқанын, тиісінше қажетті шаралар қолға алынатынын айтты.

 

  Айымгүл Әбілева