Билік

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 29-шы сессиясы

 

 

 

 

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс шақырылған 29-шы сессиясына депутаттар тегіс жиылды. Жергілікті бюджеттің бүгінгі жағдайы, 2010-2012-ші жылдарға арналған бағдарламада қаржы қай салаларға жұмсалмақ – осы мәселелер жайында сессияда экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы баяндады.

 Шынар Бәшірова,  қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы:

-Республикадан бөлінетін трансферт осы жылы 2 миллион 745 мың теңгеге төмендеді. Алайда облыстық бюджеттен берілетін қаржы 44 миллион теңгеге өсіп отыр. Ол облыс орталығындағы әлеуметтік саланы дамытуға, орталық саябақты көркейту мен тұрғын үй құрылысы жұмыстарын одан әрі жүргізуге бағытталады.

 

Үнемделген қаржы 93 миллион теңгеден асады. Ол әлеуметтік жәрдемақылар мен осы саланы дамытуға және облыс орталығындағы жолдарды жөндеуге бағытталып отыр. Себебі бірінші жартыжылдықтағы осы мақсатқа құйылған қаржы бүгінде толығымен игерілген. Ал кейбір бағдарламаларға бөлінген қаражат әлі сол қалпында тұр.

Александр Тукачев,  қалалық мәслихат депутаты:

 -Жастар саясатын дамытуға бағытталған қаржы 5 миллион теңгеден артық. Алайда оның осы уақытқа дейін бөлінбеуіне не себеп ?

Нұржан Әшімбетов , Петропавл қаласының әкімі:

-Үш рет конкурс өткізілді. Алайда кемшіліктерге байланысты мақұлданбады. Ол бағдарлама әкімшілігінің шалағайлығы. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін тағы да конкурс ұйымдастырамыз.

Бюджеттік қаржыны бөлгенде де кемшіліктер орын алған. Осыған тоқталған қала әкімі қазіргі күні көшелерді жарықтандыру үшін тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы бөліміне қосымша 18 миллион теңге бағытталғандығын айтты. Ал келер жылы мұндай олқылықтарға жол берілмеуі керек. 2020 жылға дейінгі «Жол картасы» бағдарламасы бойынша қала бюджетіне 200 миллион теңге аударылмақ. Ол шағын және орта бизнес нысандарына жұмсалады. Нұржан Әшімбетов қаржыны толығымен игеру үшін оған қажетті жоспарларды бүгіннен бастап қолға алу керектігін тілге тиек етті.

 

 Самат Есмағи