Билік

Партиялық бақылау бекеті жол полициясында ашылды

 

 

 

Қалалық жол полициясы бөлімінде ашылған “Нұр Отан”партиясының бақылау бекеті облыстың құқық қорғау органдарындағы алғашқы қосын. Партиялық бекет көліктерді техникалық бақылаудан өткізу сияқты  жол полициясы бөліміндегі жұмыстарды қадағалайтын болады. Аталмыш қосын екі жақтың өзара келісімдері арқылы жүзеге асырылып отыр.

Сайран Хамзин, қалалық саяси кеңестің мүшесі:

-Кез- келген жұмыста кедергілер кездеседі. Біздің мақсатымыз соларды бақылап, алдын алуға жағдай жасау. Бұл екі жаққа да қолайлы болады деп ойлаймын.

Облыстағы партиялық бақылау бекеттерінің жалпы саны 152 болса, оның 13-і қалада орналасқан.  Жол полициясы бөлімінде ашылған қосында  тұрғындардың талап-тілектерін қабылдайтын арнайы жәшік қойылған. Ол айына екі рет қаралып, әр арыз иесіне нақты жауап қайтарылады екен.

Ерболат Мұқажанов, қалалық жол полициясы бөлімінің бастығы:

-Енді “Нұр Отан” партиясы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Бұл тұрғындардан түскен өтініштерді бірлесіп қарап, ортақ шешім шығаруға септігін тигізеді.

Жаңа ашылған партиялық бақылау бекетіне кез-келген тұрғын жол полициясы қызметкерлеріне қатысты мәселелер бойынша келе алады. Ол күнде  таңғы  сағат 9-дан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ онда сенім телефондары да бар.

 

 

Самат Есмағи