Виталий Дурнев спорт әлеміне 11 жасында алғашқы қадамын жасады. Қыста шаңғы, жазда доп тебуден жалықпаған ол 5-ші сыныптан-ақ мектептегі үздік спортшылардың қатарына енді. Ал алғашқы алтын медалін Виталий Александрович 1959 жылы шаңғы тебуден жасөспірімдер арасында өткен сайыста жеңіп алады. Свердловск қаласында әскер қатарында жүргенде ол спорт шебері нормативін орындайды.
Виталий Дурнев, ҚР спорт шебері, олимпиадалық резервті даярлау орталығының жаттықтырушысы:
-Мен бар өмірімді спортқа арнадым. 1964 жылы ересектер арасындағы жарыста ҚР чемпионы атағын жеңіп алдым. 54 жасымда Германияда өткен жарыста 187 шаңғышының ішінен 23 болып келдім. Қазір жіберген қателіктерім мен жеткен жетістіктерім жайлы көп ойланамын.
Өмір бойы жинаған бай тәжірибесін тәлімгер спортшы жастарға үйретуге тырысты. Виталий Дурневтің шаңғы тебуге баулыған шәкірттері 1000-ға жуық. Қадірлі ұстазды мерейтойымен құттықтауға оның алғашқы және қазіргі шәкірттері жиналыпты.
Сергей Пермин, олимпиадалық резервті даярлау орталығының директоры:
-Біз үшін бүгін ерекше күн. Виталий Александрович облысымыздағы ең жақсы жаттықтырушы және өте кеңпейіл адам. Оған тек қана жақсылық тілейміз. Еңбегінің жемісін көре берсін.
Спортшы қыздар Марина Острикова мен Рада Ромазанова өз жетістіктерін ұстаз еңбегімен байланыстырады. Олардың екеуі де әзірге спорт шеберінің кандидаттары. Алайда болашақта еліміздің байрағын желбіретер үлкен жарыстарда топ жаратындарына сенімді.
Марина Острикова, В.Дурневтің шәкірті:
–Спорттағы және өмірдегі ұстазымызға тек биік белестерден көрінуін тілейміз. Әрине, денсаулығы мықты болсын.
Рада Ромазанова, В.Дурневтің шәкірті:
-Мен кішкентай кезімнен осы кісіден тәлім алдым. Ол бар білгенін бізге үйретуге жалықпады. Оған тілерім ауырмай, өмірдің қызығын көре берсін.
Жасы 70-ті алқымдаса да мерейтой иесі әлі мығым. Өзі де спорттан қол үзуге асықпаймын деп қалжыңдайды.
Кәусар Аяпбергенқызы