Қоғам

Саяжайшылар базарда емес, көшеде сауда жасағанды қалайды


 «Северный» базарында саяжайшылар күнделікті сауда жасайды. Бақшаларында өсіп-өнген жеміс-көкөністі сатып, күнкөріс қамын жасауда. Зейнеткерлерге бұл жерден сауда орындары үстіміздегі жылы тегін беріліп отыр. Тұрғындар көше бойында отырмасын деп қалалық әкімдік осындай қадамға барған.

Мария Волкова:
Саяжайдан жинап алған өнімді сатып жатырмыз. Сауда жаман жүріп жатқан жоқ. Қияр, қызанақ, сәбіз, картопты тұрғындар сатып алуда.

Тұрғындар тегін орын беруді қала әкімімен өткен есептік кездесуде сұраған болатын. Осылайша өтініштерінің орындалған жайы бар сияқты еді, тағы бір мәселенің басы қылтиыпты.

Елизавета Новикова:
Сауда саябыр жүріп жатыр. Өйткені біз сауда жасап отырған жер ыңғайсыз. Сөрелер контейнерлердің артында орналасқандықтан, халық бізді көрмейді. Сондықтан бізді басқа ашық жерге көшірсе деген тілегіміз бар.

 Көпшілік әлі де арнайы бөлінген жерден гөрі, көше бойында сауда-саттық жасағанды жөн санайды. Мир және Мүсірепов көшелерінің қиылысындағы аяқжолда осында сауданың қызған уақыты.  Саяжайшылар осы жер үйімізге жақын, ол жерде орын аз деген сияқты әр түрлі себеп айтып, осы аудандағы базарға барудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Сонымен қай жерде сатқан дұрыс? Әркімнің өз шындығы бар демекші, бұл сұраққа да әркім өзінше жауап береді. Жалпы тегін сауда орындары облыс орталығындағы барлық базарлардан бөлініп отыр.  

 

Айымгүл  Әбілева