ТКШ

“Есіл су” РМК құрылғанына 9 жыл



 

«Есіл су» – ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ететін бірден-бір кәсіпорын. Ол өңіріміздің 183 елді мекенімен қатар Қостанай облысының екі ауданына қызмет көрсетеді. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында ғана кәсіпорын бір миллион текше метрден астам суды тұтынушыға жеткізген. Кәсіпорын құрамында төрт топтық су құбыры бар. Булаев, Есіл, Ишим, Соколов орталықтары жүз жетпіс мыңнан астам халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. Теміртас Анасов «Есіл суда» отыз жылға жуық еңбек еткен. Зейнеткер осы уақыт аралығында кәсіпорын өз міндетін бұлжытпай орындап келеді дейді. Кәсіпорын судың сапасын жақсарту бағытында үздіксіз алға жылжып келеді. Қондырғылар жаңартылып, жөндеу жұмыстары үнемі жүргізіледі. 2002 жылдан бері 280 шақырымнан астам су құбыры қалпына келтірілген. Ең ірі топтық су құбыры Булаевта өткен жылы ғана он екі шақырым су тарату желісі жөнделіп, он екі сүзгі тазартылыпты. Булаев басқармасының қызметіне алты аудан бойынша 110 елді мекеннің тұрғындары жүгінеді. Тәулігіне жеткізілетін судың мөлшері бес мың текше метрден асып жығылады. Бұл жерде халыққа берілетін судың сапасы күн сайын жіті тексеріліп отырады. Қазіргі күні “Есіл су” халықты таза ауыз сумен үзбей қамтамасыз етуді айқын мақсат етіп қойған. Жыл сайын кәсіпорын көрсететін қызмет көлемі өсіп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылы кәсіпорындармен 2,6 млн.текше метрге келісім жасалған.

Геннадий Зенченко,  «Зенченко и К» КС бас директоры:
-Бұл кәсіпорын біздің сенімді серіктесіміз. Су мал кешендеріне үзбей жеткізіледі. Үстіміздегі жылы 134 мың текше метрге келісімге тұрдық. Алты айда тұтынған су 86 мың текше метрді құрайды. Ауылдағы елу пайыз тұрғын үй орталықтандырылған жүйеге қосылған. Кәсіпорынның жұмысына сәттілік тілегім келеді.

Сергей Колесников, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
-Біздің ауданда 72 елді мекен бар. Оның 38-і Булаев және Соколов су құбырына қосылған. Аудан бойынша айына халық тұтынатын су 30 мың текше метрді құрайды. Кәсіпорын жеткізетін судың сапасы жақсы. Тұрғындардың көңілінен шығады. Алдағы уақытта да осындай әріптестік қарым-қатынаста боламыз деген сенім мол.

Алдағы уақыттың жоспары да ауқымды. “Есіл су” 2011-2013 жылдары сексен тоғыз елді мекенді сумен қамтамасыз ететін құбырларды жөндеуден өткізбек. Сондай-ақ 2020 жылға дейінгі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаға қатысуды жоспарлап отыр.

Айымгүл Әбілева