Әр түрлі

Мемлекеттік тіл білгірлерінің сайысы




 

Мемлекеттік тілден әскерилердің арасындағы сайыс Қазақстан халықтары тілдерінің күні қарсаңында ұйымдастырылды. Бұған дейін іріктеу кезеңі өткен болатын. Бүгін соңғы турларда басым түскен өзге ұлт өкілдері өз білімдерін Ішкі Әскер Комитетінің өкілдерінің алдында паш етті. Астанадан келген меймандардың әскерилерге қойған талаптары көп.

Ботагөз Рыспаева, қазылар алқасының мүшесі:
-Қатысушыларға қазақ салттарын әңгімелеу, мақал-мәтелдер, қанатты сөздерді айту қажет. Қазақтың ақын-жазушыларының еңбегінен үзіндіні қойылым ретінде көрсету керек.

Алексей Дроздецкий қазақ арасында өскендіктен мемлекеттік тілді жақсы біледі. Бұрын ол мұндай сайыстарға қатыспаған. Енді қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, дамытуға өз үлесімді қосқым келеді, дейді жас офицер.

Алексей Дроздецкий, байқауға қатысушы:
-5 жыл қазақтардың арасында тұрдым. Солай қазақ тілін үйреніп алдым. Бүгінгі байқауда Солтүстік Қазақстан туралы баяндама жасаймын.

Сайыскерлердің өнері жиылған қауымның көңілінен шықты. Алайда қазылар алқасы бағаны әскерилердің қазақ тілін қаншалықты білетінін ескеріп қойды. Сайыстың қорытындысы бойынша, жас офицер Алексей Дроздецкий жеңімпаз атанып, Астанада өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Жасын Біркенов