Билік

Тұрақты комиссиялар отырысы өтті

 

 

 

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бұл жолғы отырысында 11 мәселе қаралды. Олардың бастылары – биылғы бірінші жартыжылдықтағы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2010-2012 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу. Халық санын көбейтуге бағытталған “Ұрпақ қоры” бағдарламасының жобасы да күн тәртібіне шығарылды. Қалған мәселелер ауыз су, қала құрылысы кеңесінің жұмысы, үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы, мемлекеттік жастар саясаты мен діни бірлестіктерге қатысты болды. Комиссия мүшелері әр баяндамашыны мұқият тыңдады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы әр салаға қанша қаражат бөлінгендігін, олардың жұмсалу барысы қай деңгейде екендігін талдап берді.

Еркін Жоланов, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:

-Биыл бюджетке 239,5 миллиард теңге түсу керек жыл соңына дейін. Ол түрлі салықтарды жинау арқылы жүзеге асырылмақ. Сондықтан бұл жұмыста кешеуілдеу болмауы тиіс.

Мал басын көбейту мен асылдандыруға 7 млн, Бәйтерек елді мекенінде тұрғызылатын үйлерге 831 миллион теңге қаржы бөлініпті. Кей салаларда қаржы толық игерілмей жатса,  енді бірінде ол мақсатсыз жұмсалуда. Тек «Жол картасы» бағдарламасының өзінен үнемделген қаржы 21 миллион теңгеден асады. «Ұрпақ» қорының көздеген мақсаты жайында жиынға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Фархат Қуанғанов құлағдар етті.

Фархат Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған бұл қор өңіріміздің демографиясын жақсартуға бағытталған. Отбасында дүниеге 4-ші сәби келсе,  барлық 4 баланың әрқайсысына жеке есеп-шот ашылып, оған ай сайын бюджеттен қаржы аударылып отырады. Осылайша бала кәмелеттік жасқа келгенде оның жеке шотында шамамен 8,5 мың АҚШ доллары болады.

 

 Еліміз бойынша біздің облыс бала туу жағынан ең соңғы орында. Ал аталмыш бағдарлама бұл көрсеткішті өзгертуге септігін тигізеді деп күтілуде. Күн тәртібінде қаралған басқа мәселелер де осылайша жіті тыңдалып, комиссия мүшелері оларды сессия отырысына шығаруға болатындығын бір ауыздан мақұлдады.

 

Самат Есмағи