Ауыл шаруашылығы

Шөп жинау науқанының қарқыны көңіл көншітпейді

 

 

Дәнді дақылдардың өсуі селекторлық кеңесте қаралған бірінші мәселе болды. Биылғы жылғы құрғақшылық диқандарды әбігерге салғаны анық. Алайда көрсеткіштер жаман емес. Бұл жақсы болжамдар жасауға мүмкіндік береді.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің орынбасары:
-1 миллион 29 мың гектар алқаптың жағдайы жақсы. Бұл бар аумақтың 26 пайызы. 2 миллион гектардан аса егістік қанағаттанарлық. Ал егінжайдың 16 пайызының жағдайы нашар.

Табиғаттың тосын мінезіне қарамай-ақ, мол өнім алуға болады. Кейбір шаруашылықтар тіпті былтырғы жылмен салыстырғанда көп өнім алмақшы.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Технологияны сақтап, сапалы тұқым еккен диқан ғана жақсы өнім алады. Облыс бойынша кейбір серіктестіктер гектар басынан 30 центнерге дейін астық аламыз деп сендіріп отыр.

Бүгіннен орақ науқанына дайындықты бастау қажет. Жанар-жағармай мәселесі бірінші кезекте. Биыл субсидия арқылы дизельдің бір литрі 62 теңгеден өткізілмек. Күзгі науқанда тағы бір маңызды міндет  -сабанды мейлінше көп жинап алу. Биыл шөптің аз болатыны түсінікті. Сондықтан мал басын сақтап қалу  ауылдықтардың ортақ проблемасына айналды. Тіпті арнайы шаралар қолға алынды. Енді ірі агроқұрылымдар халықтан малды сатып алып, оны әрі қарай өсіре бермек. Дегенмен, биыл облысқа қажет шөптің 80-пайыздық қорын жинап алу-орындалар жұмыс. Ал осыған әлі мән бермей жүрген мемлекеттік қызметшілер де  бар. Қазір әкімдікте жеке секторда бір тонна да шөп жиналмаған селолық округтердің тізімі жасалған. Қысқа қамдануға асықпайтын тұрғындар алыпсатарларға жем болып жатады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша қазір шөптің бір тоннасы 4 мың теңгеден аспайды екен. Ал шын мәнінде, жағдай мүлдем басқаша. Аққайың ауданында бір тонна 7 мың, ал Ғабит Мүсіреповте 1 тонна шөп 15  мың теңге тұрады

Бұл жағдайды облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров өз бақылауына алмақ. Ал селолық округ әкімдері 25 тамызға дейін мал басына 2  тонна шөп дайындалуын қадағалауы тиіс. Сондай-ақ Серік Біләлов аудандағы шөптің жиналуына қарап, әкімдердің жұмысы бағаланатынын ескертті.

Тимур Әбдірешев