Әр түрлі

Новопавловка ауданындағы саяжай иелері алаңдаушылық білдіруде

 
Петр мен Галина Кунгурцевтардың Новопавловка ауданынан саяжай алғандарына 20 жыл. Ол кезде ат шаптырым жерде жатқан молалар бүгінде саяжай учаскесіне жақындап қалған. Таяқ тастам жерде қайтпас сапарға аттанғандар жатыр. Тар жолдың арғы бетінде саяжайшылар жүр.

 

 

Петр Кунгурцев, саяжайшы:

 -Бұлай жалғаса берсе, жақында дәл жолға адам жерлейтін болады. Жанымызға мола жететінін білсек, мүмкін бұл жерден саяжай алмас та едік. Ал енді қанша жыл күтіп-баптаған бақшамызды тастап кету қиын.

Галина Кунгурцева, саяжайшы:

-Мола қызметкерлері сол маңдағы суды бізге қарай ағызады. Ол суды таза дей алмаймыз ғой.

Жексенбіде саяжайға демалуға келетін қала тұрғындарының да мұндай көршілікке көңілдері толып отырған жоқ.

Александр Пашков, саяжайшы:

-10 жыл бұрын саяжай алғанмын. Жазда балаларымызбен демалуға келеміз. Бірақ 3 метр жерде адам жерлеп жатқаны аса көңілді көтере қоймайды.

Жерлеумен айналысатын “Петроспецобслуживание” серіктестігінің басшылығы моланың әуелде белгіленген аумақтан шықпағандығын айтады.  

Виктор Скоробогатов, “Петроспецобслуживание” ЖШС директоры:

-Бұл жерде молалар саяжайларға емес, керісінше саяжайлар молаларға қарай жайылып барады. Молалар үшін 50 гектардан аса жер бөлінген. Бүгінде осы аумақ толуға жақын. Биыл , не келесі жылы моланы жабу туралы өтініш жасаймыз.

Бұл жерде қандай да бір санитарлық нормалар сақталып жатыр деу қиын. Саяжайлар мен молалар арасындағы қажетті қашықтықты анықтауға қалалық әкімдіктің жер қатынастары бөлімі үшін әлі де уақыт қажет.

Тілеубай Есжанов, Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы:

-Әрине, жақындап кетті. Санитарлық нормалар бар. Архивтан төлқұжаттарын тексереміз. Алдағы апта ішінде қарап, бір шешім шығарамыз.


Осылайша, қалалық әкімдік қызметкерлері мола мен саяжай арасындағы қашықтықты анықтап, шекараны белгілеп беруге уәде етті.  Сөйтіп, сәтін салса, тірілер мен қайтыс болғандарға арналған жер аумағы нақтыланбақ.
 

Әсем Сембина