Энергетика

Жаңа маусымда – жаңа тариф


 

Соңғы рет “Петропавл жылу желілері” тарифті 2007 жылғы ақпанның 1-де көтерген. Жылуды тасымалдау мен тарату үшін баға осы күнге дейін жүйесіз белгіленіп келді. Бұдан былай кәсіпорында екі жыл сайын орта мерзімдік тариф қабылданатын болады. Сөйтіп, монополист 2010 жылдың қазан айынан 2012 жылдың қыркүйегіне дейінгі мерзімге жаңа тариф бекітуді өтініп отыр.

Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
-Қазіргі тариф бойынша бір гигакалорий 993 теңге. Жаңа жобада тарифті 1463 теңге деңгейінде бекітуді ұсынып отырмыз. Текше метрге ауыстырсақ, өсім 88 теңгені құрайды.

Тарифті өсіруге бірнеше себеп бар. Біріншісі, “Севказэнергодан” шығатын жылу энергиясы қымбаттады. Екіншіден, қала бойынша жылу құбырларының 60 пайызы тозған. Оны жөндеуге кәсіпорын инвестиция көлемін 130- дан 200 миллион теңгеге дейін өсірді. Осылайша, жылу желілеріндегі энергия шығынын 1,5 пайызға азайту көзделген.
Облыс бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарындағы  орташа еңбекақы 45 мың теңгені құрайды. Ал жылу берушілердің жалақысы 23 мың теңге ғана. Тарифті өсіру арқылы орташа еңбекақыны да 31 мыңға дейін жеткізу көзделген. Бүгін монополист-кәсіпорынның өтініші бойынша алғашқы қоғамдық тыңдау өтті.   Табиғи монополияларды реттеу департаментінде жаңа жобаны таразылауға бір ай уақыт бар.
 

Тимур Әбдірешев