Ауыл шаруашылығы

Саяжайшылар қатары көбейіп келеді

 

 

Алма Қабдоллина көп жылдар бойы көкөніс салу үшін жерді жалға алып келген. Сондықтан өткен жылы қараусыз қалған саяжайлар таратылып жатқанын естіген ол көп ойланбастан қалалық әкімдікке өтініш береді. Сөйтіп, бір саяжайға иелік еткен ол былтыр картоп отырғызып, жақсы өнім жинап алған. Ал биыл Алма апаның саяжаында көкөністің түр-түрі жайқалып өсіп тұр. Өткен жылы иесіз жатқан екі мыңнан астам саяжай тұрғындарға тегін үлестірілген. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты. Үстіміздегі жылы 240 адам өтініш беріпті. Қараусыз қалған тағы бір учаскенің қазіргі иесі –  Татьяна Зухурова. Еңбекқор жан алғашқы өнімді жинап та үлгеріпті.

Татьяна Зухурова:
-Мен картопты жылда сатып алатынмын. Биыл енді саяжай алып, өзіміз екі жарым қап салдық. Жақсы өнім аламыз деп ойлаймыз. Жидек жинап, тосап та қайнатып алдым.

«Родничок» серіктестігінде 220 саяжай бар. Биыл қараусыз жатқан жетеуі иесін тапқан. Осы жылы аталған аумақтан саяжай алуға ниет танытқандар қатары аз. Су проблемасына байланысты өтініш бергендердің біразы саяжайларды қайтарып берген. Көп ұзамай бұл мәселе шешімін таппақ. Аталған бағбандар серіктестігіне жаңа су құбыры тартылады.

Виктор Малинко, қалалық бағбандар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
-3,6 шақырым жаңа су құбыры тартылады. Жоба-сметалық құжат бүгінде дайын. Мердігер кәсіпорын көп ұзамай жұмыстарды бастайды.

Жаңа су құбырын төсеуге қаражат бөлінді. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 12 млн. теңге бағытталып отыр.

 Айымгүл Әбілева