Денсаулық сақтау

Есту аппараттары тегін таратылуда

 

 

Құлақ, мұрын және тамақ ауруларын емдейтін кабинет алды адамнан босамайды. Мұнда есту қабілеті нашар азаматтарға үшінші апта жаңа есту аппараттары таратылуда. Тегін протездеу туралы хабар алған Риза Базарбаева емханаға сонау Ақжар ауданы Алқатерек ауылынан келіпті. Осыдан 7 ай бұрын Ризаның 15 жасар қызы минингитпен ауырып, құлағы естімей қалған. Енді Риза апайдың бар үміті осы аппаратта.

Риза Базарбаева:
-Қызымыз екеуіміз алыс ауданнан келіп тұрмыз. Солтүстік аймаққа жатқан соң бізді шақырып, көмектесіп жатыр. Ол пайдасын тигізеді деп ойлаймын.

90-ның төріне шыққан Никита Семеновтың жағдайы бір бөлек. Бастапқыда қарияның сол құлағы, кейін арасына 5 жыл салып, оң құлағы естімей қалған. ҰОС ардагері дәрігерге кезексіз кірді.

Никита Семенов, ҰОС қатысушы:
-Менің дәрігерлерге деген алғысым шексіз. Жарты сағат бойы аппаратты құлағыма лайықтап, біраз әуреленді. Енді барлығыңызды жақсы естіп тұрмын.

 
Құлақтың дыбысты қабылдау деңгейі аудиометр құрылғысы арқылы тексеріледі. Тәжірибелі дәрігер Байжан Бейсекеевтің айтуынша, биылғы жаңа құрылғы өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда ыңғайлы. 17 жыл бойы есту мүшесін протездеп келген ол мұндай аппаратпен алғаш рет жұмыс істеп отырмын дейді.

Байжан Бейсекеев, №1 қалалық емхананың дәрігері:
-Соңғы уақытта дыбыс қабілетін күшейтетін аппараттар өте жаңа, сапалы. Біз әр адамның есту қабілетін аудиометр арқылы тексереміз. Кейін компьютерлік бағдарламаға саламыз.

Есту қабілеті нашар азаматтардың жағдайын оңалтуға арналған бағдарлама аясында биыл 180 цифрлық есту аппараты сатып алынды. Бұл мақсатқа облыстық бюджет есебінен 9,7 млн теңге бөлінді.

Алма Дүйсенова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
-Биылғы жылы цифрлық есту аппараты Дания мемлекетінің “Отикон” фирмасынан әкелінді. Өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша есту протезін жеткізуші Алматы қаласының “Әлеуметтік бейімдеу және еңбекпен оңалту орталығы”.

Бір адамның құлағын протездеу шамамен 50 минутты алады. Әзірге 40-қа жуық мүгедектің мәселесі шешілді.

Гүлден Сәрсенбаева