Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер конгресі

 

 

 

 

Әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінде отандық кәсіпкерлік күрделі жағдайды бастан кешті. Осындай уақытта бизнеске көмекке мемлекет келді. Кәсіпкерлік саласын дамытудың ендігі жолы – инновациялық жобаларды таңдай отыра, алға жылжу.

Екатерина Никитинская, “Атамекен” одағы ” Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы төрағасының орынбасары:

– Ең алдымен әдісті өзгертуіміз керек. Үкімет те, бизнес те кәсіпкерлікті дамытудың осы жолы қажет екендігін түсінген. Жыл басында инновациялық даму бағдарламасы жасалды. Негізгі мақсат – инновациялық кәсіпкерлікті қолдау. Тың технология мен қондырғыларсыз жаңару болмайды.

Конгреске жиылған облыс кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан бизнеске көрсетілетін қолдау түрлері жайында айтылды. Елімізде қабылданған “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасы бойынша берілген мүмкіндіктерді пайдаланып қалу керек. Облыста әзірге бір жоба ғана үйлестіру кеңесінің қарауынан өтті. Ақпарат бойынша 50 шақты жоба бойынша банктерге өтініш түскен. Сондай-ақ қолданысқа енгізілген Кедендік кодекс отандық тауар өндірушілерді етек-жеңді жинауға шақырады. Бәсекелестікті сақтау мақсатында төмен баға мен сапалы өніп өндіру міндеті тұр.

Елена Виссарова,  “Атамекен” одағы ” Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы СҚОФ директоры:

-Кедендік одаққа енуімізге байланысты тауар айналымы көбейеді. Сондықтан отандық кәсіпкерлер алдында бәсекелестікке шыдас беру міндеті тұр. Сондықтан жаңа технологияларды, жеңілдігі мол несиелерді пайдалану керек.

Кедендік кодекстің кәсіпкерлер үшін тиімді тұстарын облыстағы кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Қайсар Мәлғаждаров әңгімеледі. Кәсіпкерлер шілденің бірінен күшіне енген Кедендік кодекстің жеңілдіктерімен қатар біршама  түйткілді мәселелермен бетпе-бет келіп үлгерген. Мәселен, М.Жұмабаев ауданынан келген кәсіпкер кедендегі тауар алып өту шаралары толық реттелмегендігін айтады. Кедендік кодекс күшіне енгеніне аз ғана уақыт болды. Сондықтан мұндай мәселелер болашақта шешілмек.  Жергілікті депутаттар мемлекеттік сатып алу тәртібін реттеуде “Атамекен” одағының көмегіне сенеді. Өйткені байқауда өте төмен баға қойып,  жеңіп алған кәсіпкерлердің кейбірі кейін  жұмысты орындамай, жоқ болып кету фактілері де бар екен.

Александр Казанцев, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-Мысалы, 60 пәтерлі ипотекалық үйді салуға байқауда жеңіске жеткен “Державинское” деген кәсіпорын 30 пайыз аванс алды да, жоқ болды. “Атамекен” осындай жағдайларды да назарға алу керек деп ойлаймыз.

“Атамекен” одағы алдағы уақытта өңірлердегі монополистер энергетиктер мен кәсіпкерлер арасындағы мәселелерді де шешуға араласады деген сенім білдірілді.  Сонымен қатар жиында салалық қауымдастықтар құрып, кадрлар даярлау мәселесіне ерекше көңіл аударылды.

Әсем Сембина