Туризм

Жас туристер слеті



 

Туристік орталыққа балалар сәрсенбі күні келген. Демалушылардың қатарында қалалық спорт жарыстарында үздік атанған клуб мүшелері бар. Оларға мұнда 3 күнге қызықты бағдарлама әзірленді. Бүгін жоспар бойынша күнді жеткіншектер эстафетадан бастады. Белгіленген уақытта  палатка құру, алғашқы медициналық қызмет көрсету, түрлі кедергілерден өтіп, от жағу сияқты сындардан сайыскерлер сүрінбей өтті.

Екатерина Вязантина,  “Планета” туристтік орталығының инструкторы:
– “Планета” туристік орталығы аулалық клубтардың слетін бесінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Жыл сайын командалардың саны артуда. Бүгінгі үздік клубтар келесі жылға осы жерде демалуға жолдама алады.

Түстен кейін мұнда клубтар арасында тамақ әзірлеу мен волейболдан жарыс өтеді. Ал кешке демалушылар алау жанында ән шырқайды. Жалпы осы іспеттес шаралар балаларды дербестікке тәрбиелеп, туризм саласын меңгеруге зор ықпалын тигізеді дейді ұйымдастырушылар. Қазір бұл орталықта 80 жеткіншек демалуда.

Тоқтарбай Рақышев, “Көктем” балалар мен жасөспірімдер клубының тәрбиешісі:
Спортта үздік атанған біздің клубтың мүшелері 3 күнге осы демалыс орнында демалуға жолдама алды. Мұнда олар өздеріне жаңа достар табуда. Тамақтарын өздері пісіреді.

Балалардың айтуынша, демалысқа арналған 3 күн жеткіліксіз. Олар мұндай шаралардың көп болғанын қалайды.

Аслан Құдайбергенов,  демалушы:
Мұнда өте жақсы. Ауасы таза. Біз балалармен ойнаймыз. Мұнда достарым көп. Тағы да келемін деген ой бар.

Мұндай шараны ұйымдастыруға қалалық білім беру бөлімі мұрындық болды. Олар балаларды азық-түлік және көлікпен қамтамасыз етіп отыр.

Жасын Біркенов