Аптадағы маңызды жаңалықтар

Төлқұжат ауыстыру мерзімі ұзартылды



 

Ағымдағы жылы жаппай ЖСН жоқ құжаттарды ауыстыру әділет органдары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына біршама қиындықтар әкелді. Қаңтар айынан бастап ЖСН жасауға жүгінген азаматтар санының күрт артуы құжаттандырудың өндірістік қуатының жетіспеушілігіне әкеп соқтырды. Соның салдарынан халық құжаттарын уақытылы ала алмай қынжылуда. Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының айтуына қарағанда, құжаттандыру жұмысына күніне 500-ге жуық адам келетін көрінеді. Бұл бұрынғымен салыстырғанда бес есе көп. Дегенмен, жұмыс қарқыны бәсеңсіген емес.

Гүлжәмила Бектұрова, СҚО халыққа қызмет көрсету орталығының құжаттандыру және тіркеу бөлімінің бастығы:
-Қазіргі уақытта аталған жағдайды тұрақтандыру бойынша жеткілікті шаралар қолданылуда. Таяу уақытта беру мерзімі бұзылған құжаттар толығымен дайындалатын болады.

Мәселе Парламентте де қаралды. Енді ЖСН енгізу мерзімі 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылмақ. Оған дейін құжаттар заңды күшін жоймайтын болады.

Иван Козак, СҚО халыққа қызмет көрсету орталығының операциялық зал бастығы:
-Уайымдайтын ештеңе жоқ. Ескі құжаттар әлі күшіне ие. Тек құжаттарыңызды уақтылы ауыстырыңыздар.

Бірінші жартыжылдықта біздің облыстан құжаттандыру бөліміне 18 мың адам жүгінген. Әзірге оның 70 пайызы құжатына қол жеткізді.

Гүлден Сәрсенбаева