Ауыл шаруашылығы

Құрақ та шөп

 

 

 

 Құрғақшылыққа байланысты биыл өңірімізде шөп аз. Бұл мал басының азаюына әкеп соқтыруы мүмкін. Бірақ Ғ. Мүсірепов ауданының шаруалары қиындықтан шығар жол тапты. Қандай қуаңшылық болмасын, көлге қамыс шықпай қоймайды. Ал қазіргідей қиын шақта оны малға азық етуді бірінші болып Ғабит Мүсірепов ауданындағы “Дружба” серіктестігі қолға алған. Мұнда төрт күн ішінде 50 тонна құрақ  дайындалыпты. Мал азығын әзірлеу жұмысы серіктестік еншісіндегі Жаркөлде жүргізіліп жатыр. Көлдің жалпы аумағы 180 гектар. Алайда суы едәуір тартылған. Сондықтан кем дегенде 100 гектар жердің құрағы шабылмақ. Одан қыруар шөп алуға болады.

Николай Луценко,  “Дружба” серіктестігінің басшысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Құрғақшылық деп қол қусырып отыруға болмайды. Ертеректе осындай ауыр кезеңдерде ата-бабаларымыз көлдің қамысын шауып, малын асыраған. Біз де бұл істі қолға алдық. Жас құрақ  малға жақсы азық. Оны жылқы, сиыр мен қой да жақсы жейді. Бағасы да қымбат емес. Үйге әкеліп үйіп берген қамыстың тоннасы шамамен 1,5 – 2 мың теңге болады. Шөптің бағасы жоғары, бірақ қамыстың құнарлылығы одан кем емес.
 
Дружба селосына шамамен 1 мың тонна шөп қажет. Өткен жылдан қалған мал азығы 250 тонна болса, биыл тағы сонша көлемдегі құнарлы шөп жиналыпты. Былтырғы сабан да бар. Аудан бойынша қазір үй басына 1 тоннадан шөп тарату жұмысы басталған. Бағасы 4 мың теңгеден аспайды.

Сабыржан Дүйсенов
,  Ғ.Мүсірепов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы:

-Бүгінге дейін 10 мың 600 тонна шөп дайындадық. Шығымдылық әр гектардан 3 – 3,5 центнерден айналып отыр. Қай жерлерден шөп шабуға болса, солардың бәрін игеріп жатырмыз. Шөпсіз қалмаймыз.  

Биыл аудан бойынша 71 мың тонна шөп дайындалуы керек болса, бүгінге дейін жоспардың 15 пайызы орындалған. Соңғы бірер күнде аз болса да жаңбыр жауып тұр. Мұны жақсылыққа балаған  мүсіреповтық шаруалар биыл мал азығынсыз қалмаймыз дейді.

Самат Есмағи