Денсаулық сақтау

“Салауатты қала”



 

 

 “Салауатты қала” орталығы өз жұмысын бастағалы екі апта өтті. Мәдениет және демалыс саябағында орналасқан жаттығу алаңына қаламыздың әр тұрғыны келе алады. Аталмыш орталық дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат таңғы сегізден  кешкі сегізге дейін  жұмыс істейді.

Алма Сәрсекеева,”СҚО Медиа-центр” ЗТБ менеждері:
-Бұл жоба салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жетекшілігімен қолға алынды. Бізде жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін керек-жарақтың барлығы бар.

Ксения Поднебесная  – “Салауатты қала” орталығының жаттықтырушысы. 22 жасар спорт жетекшісі алғашқы жаттығушы топты шейпингке үйретіп жатыр. Ол үшін алдымен денені қыздыру керек, кейін бұлшық еттерді шынықтыру қимылдары жасалады дейді.

Ксения Поднебесная, жаттықтырушы:
-Бізге келемін деушілерге есігіміз әрдайым ашық. Қатарымызға тіпті бұрындары спортпен шұғылданып көрмеген азаматтарды да қабылдаймыз.
Мен жаттықтырушы ретінде әр адамның мүмкіндігіне қарай жаттығу жоспарын құраймын.

Алғашқылардың бірі болып жаттығу алаңына келген Бота Балғарина 36 жаста. Өмірін ұстаздыққа арнаған нәзік жан спорт денеңді сергек ұстау үшін қажет-ақ дейді.

Бота Балғарина:
Бұл өте пайдалы іс-шара деп ойлаймын. Өзім бірінші рет қатысып отырмын. Таза ауа да өте жақсы.

Ырысхан Сәрсекеева жаттығу алаңына ұлы Темірланмен бірге келеді. Күнделікті тұрмыстық қарбаласқа қарамастан жас ана спортпен шұғылдануға да уақыт табуға тырысады. Ырысхан бір де бір сабақтан қалыс қалмайды.

Ырысхан Сәрсекеева:

-Мен денсаулығымды нығайтуға келдім. Балаға да жақсы. Үйге таза ауамен серуендеп қайтады.

Айта кету керек, жаттығу сабақтары тегін. Салауатты өмір салтын ұстануға ниетіңіз болса, асығыңыз.

Гүлден Сәрсенбаева