Қоғам

Оралмандарға баспана Бәйтеректен беріледі

 

 

 

 

Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында салынып жатқан баспаналарды тарату бойынша тұрғын үй комиссиясы жұмысын бастады. Комиссия мүшелері 59 өтінішті қарауы тиіс. Баспаналы болуға ниет білдіргендер – «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Қазақстанға оралған шетелдік қазақтар.

Нұрлан Рамазанов, СҚО бойынша көші-қон департаментінің директоры:
-Өзбекстаннан 14 отбасы, Ресейден – 29, Моңғолиядан – 5, және Қырғызстан мен Қытайдан бір отбасыдан  келеді. Тізімге биыл көшіп келген 22 отбасыны кіргіздік. Оның ішінде 10 отбасы мүшелері азаматтығын алып үлгерді.


 

Кездесуде тұрғын үйлерді тарату ережелері айтылды. Барлық сатып алулар «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асады. Бәйтеректен баспана алғысы келетіндер осы банкте ақша жинауы тиіс. Тұрғын үйді 5 жарым жылдан соң, яғни қажетті сома жиналғанда сатып алуға болады. Оған дейін оралмандар баспананы мемлекеттен жалға алады. Қажетті соманың жартысын банк несие түрінде береді. Ставкасы 4,5 пайыз ипотекалық несиені 15 жылда төлеп бітіруге болады. Әр үйдің құны орта есеппен 4 млн 200 мың теңге. Ниет білдіргендер тағы 1,5 млн теңгеге жылыжай тұрғыза алады. Облыс әкімі соңғысының қосымша табыс көзі болатынын атап өтті. Бұған қоса бағдарлама аясында әр отбасыға картоп пен көкөніс өсіруге 2 га жер беріледі. Қандастарымызға жиналған өнімді өткізуде де ешқандай қиындық туындамауы тиіс. Көкөністі «Қызылжар-Ақбастау» коммуналдық базары сатып алады.

Нұрлан Рамазанов, СҚО бойынша көші-қон департаментінің директоры:
– Өзбекстаннан келген 29 отбасы көкөніспен айналысамыз деп отыр. Олар бұрыннан ата-бабалары осы іспен айналысқан.

Биыл Бәйтеректе жаңадан барлығы 140 үй салынады. Тамыздың соңына дейін олардың 70-сі иесін тапса, қалғаны – қазан айында тапсырылады. Жақын болашақта ауылда барлық әлеуметтік нысандар да бой көтермек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Көрдіңдер ме, қандай үлкен ауыл, балабақша, СВА немесе ФАП  болады. Мешіт деп айтып жатыр ақсақалдар. Ол бәрі болады.

 

Елге оралған қандастар мұндай ұсыныстарға оң көзқарас танытуда. Әсіресе ұрпақтың болашағына алаңдаған аға буын өкілдері бастаманы қолдап отыр.
Көпшілікті еңбекпен қамту жайы алаңдатады. 5 жарым жыл бойы қаржы жинақтап, кейін 15 жылдың ішінде банк қарызын қайтару үшін тұрақты жұмыс керек. Облыс басшылығы еңбек еткісі келетіндердің екі қолына бір күрек табылатынына уәде етті. Қазіргі уақытта жұмыс берушілермен 29 меморандум жасалған. Оралман ағайындарға қалғаны – дұрыс шешім қабылдау.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 -Жұмыс істеу керек. Жәй отыруға болмайды. Егер еңбек етсеңдер, біз де көмектесеміз.

Гүлмира Шоқтыбаева