Ауыл шаруашылығы

Ауылдықтар қолға шалғы алды

 

 

 

Былтыр Прибрежное селолық округында 1 580 тонна шөп жиналған болатын. Ал биылғы қысқа 1 494 тонна  қажет екен. Қуаңшылықтың салдарынан қажетті мөлшерді қамтамасыз ету әлі күнге дейін мүмкін болмай отыр.

Зейникамал Күлкина,  Прибрежное селолық округы әкімінің міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:
Шөп биыл аз. Бірақ соған қарамастан, шөп қай жерде бар, соның бәрін шабуға тырысамыз. Ал шөптің бағасы былтырғыдан жоғары болады деп ойлаймын.

Өткен жылы 20 центнер шөп 20 мың теңге тұрған. Ал биыл оның бағасы әлдеқайда көтеріледі дейді тұрғындар. Сондықтан ауылдықтар қолдарына орақ алып, шөп оруға кірісіп жатыр. Төлеген Исмағұлов – зейнеткер. Сол себепті оның шалғымен көп жұмыс істеуге күші жетпейді. Төлеген ағаның айтуынша, тығырықтан шығар жол – жемшөпті сатып алу.

Төлеген Исмағұлов, Прибрежное ауылының тұрғыны:
Шөп аз болса, қымбаттайды. 25 мың болсын, 30 мың болсын, бәрібір аласың. Былтыр 18-20 мыңнан сатқан еді.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері халықтың әлжуаз топтарына осы орайда барынша көмек көрсетеміз дейді. Ал қазіргі міндет – мал азығын жерде қылтанақ қалдырмай жинау. Бүгінгі күні Прибрежное селолық округында қысқа қажетті шөптің 36 пайызы әзірленді.

Жасын Біркенов