МТРА жаңалықтары

Жағажайдан айықтырғышқа жеткізілгендер көбейді

 

 

 

 Шомылу маусымы басталғалы полицейлер өзен-көлдердің жағасында маскүнемдіктің алдын алу шараларын өткізуде. Тек Пестрое көлінің жағасынан  ғана алғашқы 1 жарым айда медициналық айықтырғышқа 390 адам жеткізілген. Өкініштісі – көл жағасында мас күйде жүргендер ер азаматтар ғана емес.

Людмила Кирсанова, Петропавл қалалық ІІБ медициналық айықтырғышының қызметкері:

-57 әйел жеткізілді, олардың 70 пайызы 18 бен 25 жас аралығындағы жастар.

Ыстығын басамын деген қала тұрғындары негізінен жағажайларға жиналады. Алайда күнге қыздырынып, су жағасында демалуға келгендер қоғамдық орындарда алкоголь өнімдерін ішуге тыйым салынатынын ұмыт қалдырады. Ащы суға қанып алып, суға шомылушылар маңайдағыларға қауіп төндірумен қоса өз денсаулығына да зор нұқсан келтіреді. Көп жағдайда арақ ішіп суға түсу қайғылы аяқталады.

Раиса Абдулина, Петропавл қалалық ІІБ медициналық айықтырғышының фельдшері:
-Бүгінгі күні ауа температурасының көтерілуіне байланысты жүрек, қан тамыр жүйесіне ауыртпалық түсіп, адам өміріне қауіп күрт өседі. Айықтырғышқа жеткізілген адамдардың барлығына медициналық көмек көрсетіледі.

Жыл басынан бері медициналық айықтырғышқа 6 300 адам жеткізілді. Олардың дені 25 жасқа дейінгі жастар. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда ішімдік ішу әкімшілік құқық бұзушылық екенін ескертеді, алғашқы рет тәртіп бұзушыға 1 айлық көрсеткіш көлемінде – 1413 теңге айыппұл салынады.

Гүлмира Шоқтыбаева