МТРА жаңалықтары

Этномәдени орталықтарды дамыту жайы сөз болды

 

 

 Форумға жиналғандар алдымен Елена Елизарованың “Қуанамын” атты көрмесінің ашылуына қатысты. Жібекке сурет салумен айналысатын шебер қарапайым бас орамалдарды, мата кесінділерін, ерлердің галстуктарын үлкен өнер туындысына айналдырған. Вера Имашбаева, Олег Мартынюк сияқты шеберлердің еңбектерімен де осы жерде танысуға болады. Бүгінде Ассамблея филиалдары алдына ұлтаралық қарым-қатынаста татулықты сақтау, достықты нығайту сияқты негізгі жұмыстармен бірге еліміздің экономикалық дамуына үлес қосу, отандық көлөнер шеберлеріне қолдау білдіру міндеті де  қойылып отыр.

Татьяна Садыкова, бизнесс-жаттықтырушы:

-Қолөнерші жылдың бір айын жұмысқа, қалған 11 айды бұйымын өткізуге жұмсайды екен. Сондықтан шеберлеріміз жұмыстарын істеп, нарық заманында күнін көруі үшін кәсіпкерлік саласын дамытуымыз керек. Бүгінде осы салаға көңіл аударып жатырмыз.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы, үкіметтік емес ұйымдар кәсіпкерлікті қолдауға қатысты шараларды қолға алған. Мәселен, “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы өңірде туризмді дамытуға арналған жаңа жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Сағындық Салмұрзин, “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының атқарушы директоры:

-Туризм саласы дамымай тұр. Біз дәстүрімізді, саятшылықты, батырлар өмірін, тарихымызды көрсететін этноауыл жасау туралы жоба әзірледік

“Форум-Диалогта” аудандардағы этномәдени орталықтардың жұмысына қарқын беру, жергілікті басқару органдарымен байланысты нығайту туралы мәселелер көтерілді. Ал Ассамблеяның ел өміріндегі маңызы жайында Парламент депутаты Раиса Полищук әңгімеледі.

Раиса Полищук, ҚР Мәжілісінің депутаты:

-Елбасы біздің елдігіміздің діңгегі бірлігіміз дегенге ерекше көңіл аударады. Елдің бірлігі, ұлт татулығы өте маңызды мәселе. Сондықтан осы салаға қатысты әр адам қоғамдағы тұтастықты, тұрақтылықты сақтауға үлес қосуы керек.


Бұл бастамалар ауылдық жерлерде де өзінің жалғасын табуы тиіс. «Форум-Диалогтың» екінші бөлімінде  этномәдени орталықтардың жұмысын жүргізуге қатысты тренингтер ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу мүмкіндігі жасалды.

Әсем Сембина