МТРА жаңалықтары

Алдағы қысқа әзірлік

 

 

Қыстың қамын жаз ойлайтын бұл үйдің тұрғындары жылыту маусымына дайындықты ерте бастаған. Бүгінде біраз жұмыстың басы қайырылыпты. Бар шаруа пәтер иелері кооперативінің төрайымы Лидия Копотилованың ұйымдастыруымен жасалып жатыр дейді тұрғындар. Жертөледегі жөндеу жұмыстарының дені тындырылған. Жылдағы дәстүр бойынша құрылғылар ауыстырлыпты. «Үйіміз қысқы жылыту маусымына тоқсан пайызға дайын», – дейді Лидия Копотилова. Енді құбырларға қысым жіберіп, тексеру ғана қалыпты.

Лидия Копотилова,  “Мир, 127” ПИК төрайымы:
-Бұл жұмысты істейтін кәсіпорынмен келісім жасасқан болатынбыз. Кезекте бірінші болып тұрмыз. Жуық арада шаруаға кірісеміз.

Осылайша, бұл үйдің тұрғындары жылдағыдай қысқа әзірлікті жұрттан ерте бастап, жылыту маусымына дайындық паспортын алғашқылардың қатарында алады. Қалыптасқан дәстүрден жаңылмайтын жандардың еңбегі елеусіз қалмай, биыл “Мир, 127”  пәтер иелері кооперативі үздік үштіктің қатарына енді. Астана күнінде қала басшылығы үлгілі кооперативке компрессор мен дәнекерлеу құрылғысын тарту етті. Ендігі міндет – жылу есептегіш құрылғысын орнату дейді тұрғындар. Үнемі көштің басында жүретін үй иелері бұл жұмысты да соза бермей, бір жақты етеміз деп отыр.

Айымгүл Әбілева