ТКШ

Жылу есептегіш тиімді

 

 

 

 Ортақ құрал орнату арқылы тұрғындар пайдаланылған нақты энергия үшін ғана ақы төлеу мүмкіндігіне ие. Ал жылу таратушы компания өндіріс қуатын тиімді пайдалануға көшеді. Бүгінде Петропавлдағы 230 көпқабатты үйге есептегіш құрал орнатылған. 322 жеке сектор нысандарына, 715 кәсіпорынға жылу есептегіш қойылды. Құралдардың тиімділігі өткен қатты қыста да көрінді.

Мағауия Сағындықов, “Солтүстік Қазақстан энерго орталығы ” ЖШС директорының міндетін атқарушы:

 -Жасалған талдау көрсеткеніндей, өткен жылыту маусымында есептегіш орнатқан 5 қабатты пәтерлердің тұрғындары жылу үшін 51 теңгеден, 3 қабатты үйлер 58 теңгеден төлегенін көрсетіп отыр. 9 қабатты үйлерде шаршы метрге жылу бағасы 48 теңгеден болды.

Қала бойынша жылу үшін жалпыға ортақ тариф бір шаршы метрге 72,56 тиын. Қыста ауа температурасы 40 градусты көрсетсе де, жайма- шуақ болса да, осы бағадан ауытқымайсыз. Жылыту маусымы басталатын қыркүйекте де, сәуірде де осы тариф сақталады. Ал Мүсірепов көшесіндегі 10-шы үй тұрғындары өткен жылы есептегіш орнатып, қатты қыста біршама үнем жасады.

Наталья Яркова:

-Есептегіштер қойғалы азырақ төлейтін болдық. Үнемдеу бірден байқалды.

Валентина Соленко:

– Қазан айында шаршы метр үшін 15 теңгеден шықты. Ал қатты суықта сексен теңге болды. Бірақ жалпы есептегенде тарифтегіден анағұрлым аз төленді.

Тұрғындардың айтулары бойынша, қаржы да үнемделген, пәтерлер де жылы болған. Ал үнемдеу  үшін ауа райына қарай жылуды реттеп отыру  керек.

Валентина Рукавишникова,  “Ғ.Мүсірепов, 10” ПИК төрайымы:

-Қазан айында 3 бөлмелі пәтер үшін 900 теңге төледім. Ал тариф бойынша шаршы метрге 72,56 тиыннан екендігін есепке алсақ, 5 мың теңгедей төлеуім керек. Қарашада 2000 теңге шықты. Ал жалпы жылыту маусымы бойынша 5 мың теңге үнемдедім. Көпшілігі тиімсіз дейді. Ал есептегіш құралдың көмегін сезіну үшін ауа райына байланысты жылу беруді де бақылауда ұстап отыру керек.

Көпқабатты үйге ортақ жылу есептегіш құрал орнату үшін пәтер иелері кооперативі энергоорталыққа өтініш тапсыруы керек. Құралдар мен оларды орнатуға кететін шығынды 12 айға дейін бөліп төлеуге болады.

Әсем Сембина