ТКШ

Үкіметте жаңа мемлекеттік бағдарламалардың жобалары қаралды

 

 

Сапалы ауыз су. Бұл мәселеге кеңесте ерекше көңіл бөлінді. Биыл “Ауыз су” бағдарламасы толық орындалып, оның қорытындылары да шықты. Енді ұзақ мерзімге арналған жаңа құжатты бекіту керек. Кеңесте жобаның тиімді және тиімсіз тұстары атап айтылды. Премьер-министр Кәрім Мәсімов облыс әкімдерінің ұсыныстарын да тыңдады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– 27 жобаның тек 15-ін ғана жүзеге асыра бастадық. Оның сомасы 816 миллион теңге. 3 миллиардқа бағаланған 12 нысанның жоба-сметалық құжаттары бар, ал жұмысты бастай алмай отырмыз. Бізге Үкіметтің көмегі керек.

Селекторлық кеңесте  тағы екі маңызды жоба талқыға түсті. Бұл – экспортталатын мұнайдың кедендік баж салығы мен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту. Соңғысы бойынша 2014 жылға дейін Қазақстан нарығын отандық препараттармен қамтамасыз ету көзделген. Кәсіпорындарды жаңарту және джи-им-пи стандартына сәйкес жаңа өндіріс ошақтарын іске қосу арқылы осыған қол жеткізуге болады. Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы жауапты органдардың басшыларына 10-шы тамызға дейін комиссия құрып, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған аймақтық бағдарламаны әзірлеуді тапсырды.

Тимур Әбдірешев