Ауыл шаруашылығы

Құрғақшылық жағдайында астық бағасы жоғарылауда

 

 

 

 

Биыл Шал ақын ауданы 226 мың гектар алқапқа дән септі. Бүгінде оның 15 пайызында ғана масақ шықты. Уақытында ылғал түссе бұлай болмас еді.  Алқап басында шалақындық диқандармен кездескен облыс әкімінің әңгімесі де осы бағытта өрбіді. Бұл аймақта шілденің 13-не қарай нөсер жауын болады деген болжам бар. Биыл орташа өнім алынса да,  біршама пайда көруге болады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Астықтың бағасы көтеріліп келеді, қазірдің өзінде 21 мың теңгеге жетті. Ресейде де биыл қуаңшылық, 16 облыста  төтенше жағдай қалыптасқан.  

Құрғақшылық шөптің шығымдылығына да әсер етпей қоймады. Былтыр Шал ақын ауданы бойынша 38 мың тонна шөп жиналған-ды. Биыл оның тек жартысы ғана болуы мүмкін. Жағдай мәз емес. Сондықтан ағаш бауыры мен сайларда өскен шөпті де ысырапсыз шауып алу керек деді өңір басшысы. Шал ақын ауданына биыл “Жол картасының” аясында 118 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның 12 миллионы аудан мұрағатына беріліп, ғимараттың шатыры,   терезелері жаңартылды. Мұрағат директоры Бекет Жүсіповке  облыс әкімі жаңа компьютер табыс етті.  Биыл Сергеевкада өткен есептік жиын барысында халық қоғамдық моншаның жөнделуін сұраған еді.   Ескі ғимаратты қалпына келтіруге 35 миллион теңге бөлінді. Жөндеу қазан айында аяқталуы тиіс. Алайда өңір басшысы бұл жұмыстарды көпке созбау қажеттігін ескертті. Сергеевка қала мәртебесіне ие, дегенмен аудан орталығының заты атына сай емес. Орталық саябақты аралап шыққан өңір басшысы   Сергеевкада көріктендіру жұмыстарын жөнді жүргізбеген қала әкімі Тұрлыбай Өтегеновтың қызметін қатаң сынға алды.

    Облыс әкімінің жұмыс сапары Ғабит Мүсірепов ауданында жалғасты. Пески орта мектебінің жаңа ғимараты бой көтеріп келеді. Республикалық бюджеттен бағытталған 590 миллион теңгенің бүгінде 90 пайызы игеріліпті. Қазір әрлеу-сырлауға кезек келді. 1 қыркүйекте бұл оқу ордасында алғашқы қоңырау сыңғыры естілуі тиіс. Оқу орны 250 балаға шақталған.  Ғабит Мүсірепов ауданындағы  тағы бір маңызды әлеуметтік нысан – Новоишимкадағы ауданаралық туберкулезге қарсы күрес диспансері. 90 науқасқа шақталған емдеу мекемесінің құрылысына бөлінген 1,5 миллиард теңгенің негізгі бөлігі жұмсалды. Бас мердігер Ғалым Жахин аурухананы желтоқсанның біріне дейін тапсырамыз деп уәде берді. Облыс әкімі “Жол картасының» аясында жөнделіп жатқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де ат басын бұрды. Бұл мекемеде жастар спорттың 12 түрі бойынша шынығады. Ауданда 400 тәрбиеленуші бар. Жаңарған спорт мектебі тамыз айының орта тұсында есігін айқара ашпақ. Өңір басшысы  Ғабеңнің атын иеленген аудандағы егін жағдайымен де танысты. Бұл ауданның диқандары да көктен жауын тілеп отыр. Ал “Дружба” серіктестігінің директоры Николай Луценко құрғақшылық болған жылдары не істеу керектігін жақсы біледі.

Николай Луценко,  “Дружба” ЖШС директоры:
із “Наутил” технологиясын 5 жыл бойы қолданып жүрміз. Егер жауын жаумаса, топырақ өңделмеген алқаптарда біз орташа өнім ала аламыз. Бұл шамамен гектар басынан 6-7 центнер.

Аймақ басшысы сондай-ақ “Нежинка ерке”, “Вест”, “Намыс”, “Береке агро” серіктестіктерінің егін алқаптарында болып, олардың басшыларымен тілдесті. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі қос аудандағы жағдайға көңілі толатындығын жеткізді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Аудандардағы егінжайдың жағдайы қанағаттанарлық. Шаруалар қолдарынан келгенше барлығын жасады. Яғни егін егу технологиясы толық орындалды. Егістікті өңдеу де дұрыс жолға қойылған. Енді 7-10 күннің ішінде мол жауын-шашын түссе, орта өнім алуға мүмкіндік бар.

Шөп жинау науқанына да қарқын қосу қажет. Осы орайда өңір басшысы облыс тұрғындарына үндеу тастады.
 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Барлық тұрғындарды, кәсіпкерлерді, серіктестіктер басшыларын  пішен дайындауға шақырамын. Барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, мал басын сақтау керек.  

 

Тимур Әбдірешев