Ауыл шаруашылығы

Күн тәртібінде – жем-шөп қорын жасау

 

 

 

 

Биыл жаздағы жауын-шашынның аздығы бидай сабағын өсірмей, шөпті көтертпей қойды. Дала шілденің ішінде-ақ сарғайып кеткен.  Ауыл шаруашылығы мамандары жылдағы қажетті шөптің тек 64 пайызын ғана әзірлеу мүмкіндігі бар екендігін болжап отыр. Табиғи шөптің шығымдылығы гектарына 3-4 центнерден аспайды. Сондықтан кеш те болса, біржылдық шөп егуді қолға алу керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Жауынның жоқтығынан біржылдық шөп егуді кешеуілдетіп отырмыз. Бірақ әр аудан төрт мың гектар алқапқа шөп себуі керек. Сонда қосымша 160 мың тонна шөп алып, қажетті азықтың 90 пайызын жинап аламыз.

Бүгінгі таңда облыста 273 мың гектардағы шөп шабылып, қажетті азықтың 18 пайызы дайындалды. “Қуаңшылық” деп сылтауратуға болмайды. Сондықтан Серік Біләлов жол жиегіндегі шөпті, өзен-көл бойындағы құрақ пен қамысты жем-шөпке жарату керектігін айтты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Әр ауылдық округте 3-5-7 адамнан тұратын бірнеше бригадалар құрылуы керек. Осы бригадалар жеке секторға қысқа азық жинауға көмектеседі. Жылдағыдай астық сабанын далада қалтыра алмаймыз. Биыл сабанды да тасу керек.

Аудан, ауылдық округ әкімдері әр ауланың қысқа  қажетті жем-шөп жинауына жауапты. Бұл жұмыс әр ауылда әр түрлі жүргізілуде. Ақжар мен Уәлихнов аудандары қысқа қажетті шөптің 34-35 пайызын дайындап үлгеріпті. Ал Аққайың ауданында барлығы 4 мың тонна шөп тасылды. Облыс әкімі бұл жұмысты кешеуілдетуге болмайтынын, күн өткен сайын шөп кеуіп бара жатқанын ескертті. Жемазықтың аздығынан сатылатын малдар туралы мәлімет әр ауылдық округ әкімінде болуы керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Әр ауданда мал қабылдайтын шаруашылықтар құруымыз қажет. Жеке сектордың сатылатын малын алып, осы жерде асырау қажет. Яғни облыстағы мал басының азаюына жол берілмеуі керек. Бұл жұмысты қыркүйек айына дейін ұйымдастыруымыз қажет.

Сондай-ақ, жем-шөп дайындауға жоғары өнімді үлкен кешендерді емес, қол орақ және трактордың тіркемелі шалғыларын пайдаланып, әр қалтарыстағы құрақ пен қау қораға тасылмақ.

 

Әсем Сембина