Спорт

Автомотожарыста петропавлдықтар озды

 

 

 
Жарыс алдында автомобильдер әдеттегідей техникалық тексерістен өтуде. Ол техникалық ақауды болдырмас үшін керек. Дәстүрлі додаға биыл 32 автокөлік әуесқойы жиналды. ҚР чемпионатының 2-ші кезеңіне Алматы, Көкшетау, Қостанай, Павлодар қалаларының өкілдері мен қызылжарлықтар қатысты.

Владимир Ячкуринский, бас төреші:
-Жарыстың бірінші кезеңі Алматыда өткен болатын. Өкінішке қарай, біздің жергілікті автосайыскерлер машина тасымалдаушы көліктің істен шығып қалуына байланысты сайысқа уақытылы жете алмады. Енді екінші кезең Петропавлда өтіп отыр. Жарысқа қатысушылардың арасында біздің автосайыскерлерге үлкен бәсеке туғызатын командалардың бірі – “Астана моторс” құрамасы.

Мұндай жарыстар тоқсаныншы жылдардың басында бәсеңдеп қалған болатын. Араға біраз жыл салып, спорттың аса қауіпті түрі біздің облыста да қанатын кеңге жайып келеді.

Владимир Жукавень, СҚО авто-мото спорты федерациясының вице-президенті:
-Біздің жерде автожарыстар 2002 жылдан бастап қайта өткізіле бастады. Енді оны әрі қарай дамыту үшін қажет шараларды қолға мықтап алдық.

Виталий Широков автосайыстың ардагері. 58 жастағы  спортшы жарысқа «Багги СКА» автомобилімен келген. СҚО «Динамо лидер» құрамасының мүшесі тарихи көліктің басқа машиналардан артықшылығы көп дейді.

Виталий Широков,  СҚО «Динамо лидер» құрамасының мүшесі, Петропавл қаласы:
Мен баггиді 80 жылдардан бері жүргізіп келемін. Жалпы бұл ең мықты көліктің бірі. Оның конструкциясы қиын емес, сондықтан машина да жеңіл.

Көкшетаулық «Зик – автомир ЯСО» командасының автосайыскері Михаил Загородневтің жарыс алаңына шығып жүргеніне 20 жыл болған. Жылдамдықты жақсы көретін спортшы сайыстарда қызық жағдайлар да жиі болатынын айтады.

Михаил Загороднев,  «Зик – автомир ЯСО» командасының мүшесі, Көкшетау қаласы:
Мен 2007 жылы Алматыда өткен жарысты ешқашан ұмыта алмаймын. Жарыс барысында жылдамдыққа салғаным сонша, көлігімнің алға жүретін қорабы істен шығып, машинаны мәреге арт жағымен жүргізіп әкелдім.

Сайыс ережесі бойынша автокөліктер 9 км қашықтықты бағындыруы қажет. Жүргізушілерге қойылатын ең жоғары баға- 100 ұпай. Жанкүйерлердің қызу қолдауымен жарыс жолына шыққан темір тұлпар иелері жылдамдыққа ерік берді. Десек те мәреге бірінші болып аса үлкен шапшаңдық танытқан автосайыскерлер ғана жетті. Дода қорытындысы бойынша командалық есепте СҚО “Динамо лидер” құрамасы қарсыластарына шаң қаптырып, І орынды еншіледі. Ал жекелей сында петропавлдық Владимир Жукавень жеңіске жетті.  

Гүлден Сәрсенбаева