Биыл Петропавлда 8 үй пайдалануға беріледі

Бизнес және экономика

15:54 12 Шілде 2010

2009 жылы облыс орталығында бір де бір тұрғын үй тапсырылмаған болатын. Биыл бұл олқылықтың орны толғалы отыр. Жыл соңына дейін Қызылжарда 8 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілмек. Бұл баспана кезегінде тұрғандар санын қысқартуға мүмкіндік береді. Осы жылы тапсырылатын 5 коммуналдық үйдің екеуін “РиЖ-Құрылыс” серіктестігі тұрғызып жатыр. Құрылысы 2008 жылдың  күзінде басталған, қазір жұмыстар 90 пайызға орындалыпты. Тек үйдің маңын абаттандыру мен ішкі әрлеу ғана қалған.

Асылбек Едресов, “РиЖ-Құрылыс” серіктестігінің атқырушы директоры:

-Құрылыс қарқыны жаман емес. Қаржыландыру жағынан қиындықтар болған. Қазір бәрі орнына келді.

Аталмыш серіктестік бірінші кезекте 90 пәтерлі үйді тапсырмақ. Мерзім қыркүйек айы деп жоспарланып отыр. Бұл үйдегі пәтерлер  1-3 бөлмелі.Аумағы  35 – 65 шаршы метр аралығында.

Боташ Қайнетов, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы:

-5 188 адам кезекте тұр. Биыл 5 коммуналдық, 3 ипотекалық үй тапсырылмақ. Ипотекалык үй мемлекеттік бағдарлама бойынша берілсе, коммуналдық үй арнайы комиссияның шешімі бойынша бөлінеді.

Коммуналдық үйдегі пәтерлер саны 524 болса, ипотекалық баспана 215 отбасына шақталған. Құрылыс Юбилейный шағын ауданында жүргізіліп жатыр. Оларды тапсыру қыркүйек айында басталмақ. Жыл басынан бері облыс орталығында 102 пәтерлі бір тұрғын үй қолданысқа берілген болатын. Одан 24  соғыс ардагері, 19 аз қамтылған отбасы мен 30 мемлекеттік қызметші баспана алды. Қалған пәтерлер қызметтік болып саналады.

Самат Есмағи