Спорт

Азиада -2011

 

 

VII қысқы Азия ойындары 2011 жылы Алматы және Астана қалаларында өтеді. Бұл дүбірлі додада Азия елдерінен жиылған майталмандар спорттың 9 түрінен бақ сынасады. Олимпиадаға 4 солтүстікқазақстандық қатыспақ.

Сергей Пермин, олимпиадалық резервті даярлау  орталығының директоры:
– Бәсекелестікті Корея, Қытай және Жапонияның спортшылары туғызып отыр. Сондықтан конькишілер Роман Креч пен Дмитрий Бабенко  үмітімізді ақтайды деген сенімдеміз. Өйткені олар Ванкуверде өткен қысқы олимпиадада жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Қазір жігіттер Австрияның Инцель қаласында қысқы олимпиадаға дайындалуда. Сондай-ақ, бапкерлер конькишілер Елена Урванцева мен Татьяна Сокиркоға үлкен сенім артып отыр. Қыздардың жетістіктері аз емес. Татьяна Сокирко –  Қазақстан чемпионы және Әлем кубогына қатысушы. Өткен жылы ол спорт шебері атанды.

Татьяна Сокирко, конькиші, спорт шебері:
– Басты мақсатым – Азия ойындарына қатысу. Қазіргі таңда негізгі дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бар күшімді соған салудамын.

Елена да Ел біріншілігінде бас жүлдеге ие болып, екі мәрте әлем чемпионатында бағын сынаған. Спорт шебері атағына 4 жыл бұрын ие болды.

Елена Урванцева, конькиші, спорт шебері:
– Әзірге мақсатым – осы олимпиадаға қатысу. Қандай да бір орынды еншілеймін деген ой жоқ. Өйткені тізем жаралы.
Сондықтан көрсеткіштерім де тұрақты емес.

Азия ойындарына дейін бірнеше халықаралық және әлемдік жарыстар бар. Егер бұл додаларда біздің спортшыларымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізсе,  олардың Азиадаға қатысу мүмкіндіктері жоғарылайды.

Жасын Біркенов