Аптадағы маңызды жаңалықтар

Екі ел құтқарушылары тәжірибе алмасты

 

 Өздерінде бар жаңалықты ресейліктер арнайы кітапшаларға жазып ала келген. Содан кейін орыс ағайындар біздегі жұмыс барысын өз көздерімен көрді. Олар 2009 жылдың желтоқсанында ашылған дағдарыс орталығының жұмысымен де танысты. Бұл орталықтың қызметкерлері облыстағы барлық төтенше жағдайлардан құлағдар. Ақпарат осы жерде сараланып, төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі.

Иван Онищенко, СҚО бойынша ТЖД дағдарыс орталығының жедел кезекшісі:
-Бір тәулікте орташа 1000-ға жуық қоңырау келіп түседі.
Оның ішінде 112 номері арқылы ұялы телефонға хабарласатындар да бар. Бәріне көмектесіп, кейбіріне қайда хабарласу керектігін айтып, кеңес те береміз. Ол мысалы, өрт сөндіру немес жол-көлік оқиғасына қатысты болуы мүмкін.

Сондай-ақ, қоңырауларға нақты жауап беріп отырған диспетчерлер күнде сағат 18.00-де әрбір басқармаға қоңырау шалып, өңірдегі жағдайды біліп отырады.
24 сағат бойы тынымсыз жұмыс істейтін дағдарыс орталығы көрші елде бұрыннан бар. Бірақ олардың жұмыс  көлемі әлдеқайда кең. Ол түсінікті де. Бір Омбы өңіріндегі дағдарыс орталығына бес бірдей аймақ қарайды.  

 

Сергей Крюков, РФ ТЖМ Омбы облысы бойынша жедел қызмет көрсету басқармасы бастығының орынбасары:
– Бізде бұрыннан бар қызмет сіздерде жаңа ғана қалыптасып келе жатыр. Әрі біздің дағдарыс орталығымыз үлкен. Сондықтан қолдан келгенше, көмек беруге дайынбыз. Әсіресе, әдістемелік жағынан көп мағлұмат бере аламыз.

Жергілікті төтенше жағдайлар департаментіндегі дағдарыс орталығын кеңейту ойда бар. Қазір бос тұрған орындарда медициналық-апаттық қызмет пен 101 номері бойынша қызмет көрсететін мамандардың диспетчерлері отырмақ. Тәжірибе алмасуға арнайы бір күндік жұмыс сапарымен келген ресейліктер екі елдің шекарасында орын алып жататын төтенше жағдайларды болдырмау жағын да талқылады. Ол жаз уақытында аса өзекті, шекарада орналасқан орман-тоғайлардағы өртті ауыздықтау мәселесі.

Гүлнар Мұқамеджанова