Билік

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов келді.

 

 

 

 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ет өңдеу кешенінің жұмысына оң бағасын берді. Кәсіпорынның жоспарлары ауқымды. Олар өніммен ел нарығын ғана қамтамасыз етіп қоймай, шет мемлекеттерге де шығуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде барлық жұмыс сол бағытта жүргізілуде.

Сергей Мещеряков,  “Баско” ЖШС ет өңдеу  кешенінің жетекші маманы:
 – Қазір біз дайын өнімді ішкі нарыққа шығарамыз. Атап айтқанда, Петропавл, Көкшетау, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларына жеткіземіз. Ал жұмысшылар тәжірибе жинап, ішкі нарыққа бейімделген соң экспортқа шығара бастаймыз.

Мұндағы заманауи техникалар Германиядан әкелінген. Қазір кәсіпорын оның мүмкіндіктерін байқауда.
Жұмыс компьютермен басқарылады. Ал бұл өз кезегінде шаруаны әлдеқайда жеңілдетеді дейді мамандар. Бұл комбинатта тәулігіне 30-50 бас мал сойылып, 3-5 тонна ет өндіріледі. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта бұл көрсеткішті көбейту жоспарланып отыр. Кәрім Мәсімов кәсіпорынның мүмкіндігін байқап, ондағы шешімін таппай отырған мәселелерді сұрап-білді. Ол негізінен несиелендіруге қатысты.

Александр Сутягинский, “Баско” ЖШС президенті:
 – Кәсіпорын жақында ғана іске қосылғандықтан, әлі мүмкіндіктеріміз мол емес. Өндірістің қуаты уақыт өте келе ұлғаяды. Оған, әрине, қосымша қаражат керек. Екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіру жағына көмек жасасаңыз.

Үкімет басшысы бұл мәселенің назардан тыс қалмайтынын айтты.
Жалпы жақында ғана іске қосылған бұл кешен өнімді  Еуроодақ стандарты бойынша өндіреді. Сондықтан оның агроөнеркәсіп саласындағы рөлі зор болмақ.

Жасын Біркенов