Билік

Үкімет басшысы “Тайынша -Астық” серіктестігіндегі сүт кешенінің жұмысымен танысты

 

 

“Тайынша-Астық” серіктестігі сүт кешенінің құрылысы 2008 жылы қолға алынып, осы жылдың қаңтарында іске қосылған болатын. Ол 1 160 басқа шақталған. Қазір бағдарламаның бірінші кезеңі жүзеге асырылуда.

Анатолий Рафальский, “Тайынша-Астық” серіктестігінің бас директоры:

-Дағдарысқа қарамастан бағдарламаны іске қостық. Мал болғандықтан оны күтетін жем-азық қажет. Сол себепті танаптардың, оның ішінде майлы дақылдардың көлемін ұлғайттық. Жоспарымызда құрама жемазық заводын ашу бар. Сондай-ақ 1 мың гектар суармалы егіс алқабын қолға алуды да ойластырдық. Оған қыруар қаржы керек. Мемлекет тарапынан қолдау болады деп ойлаймын.

Қазір бұл жерде 2 мал қора мен сауын залы, бұзау күтетін жер бар. Ірі-қара Канададан әкелінген. Кешеннің негізгі бағыты жылына 8
500 тонна сүт пен 200 тонна ет өндіру. Ол жайында Премьеринистрге серіктестік басшысы әңгімелеп берді. Солтүстіктің қысы қатал болғанымен мал қора канадалық технология бойынша салынған, яғни қабырғалар мен төбе жұқа. Оның да мал өсіруде өзіндік тиімдігі бар.
Кәрім Мәсімов сауын залының жұмысымен де танысты. Ол заманауи қондырғылармен жабдықталған. Ірі қара басы көп болғанымен бұл жерде не
бары 36 адам еңбек етеді.
Бұзау күтетін орын да Премьер-Министрдің назарынан тыс қалған жоқ. Оның жұмысымен жіті танысқан топ серіктестіктің танап басына жол тартты. Солтүстік Қазақстан облысы –  еліміздің басты астықты аймағы. Бізде өсірілген астық әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату 34,1 миллиард теңгеге өсті. 2007 жылы ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға 12 миллиард теңге бөлінсе, өткен жылы ол 37 миллиард 287 милион теңгені құрады. Аграрлық сала өкілдерімен жүздесу барысында Кәрім Мәсімов бұл көрсеткіш осы жылы да ұлғаятындығын жеткізді. Өз кезегінде өңір диқандары да көкейлеріндегі сауалдарын ортаға салды. Шамалы уақыттан соң орақ науқаны басталмақ. Алайда шаруаларды элеваторлар мәселесі алаңдатады. Олардан өткен жылғы астық толығымен шығарылып болған жоқ. Бұл ретте жиында элеваторлардағы  былтырғы астықтың Орал, Ақтөбе облыстарына жөнелтілетіні айтылды. Премьер- министр осылайша диқандардың көңіліндегі күдікті сейілтіп, оларға алдағы егін орағына қызу дайындалу қажеттігін айтты.

Кәрім Мәсімов,  ҚР Премьер-Министрі:

-Елбасы тапсырмасына сәйкес облыстағы аграрлық саланың жағдайын көріп шықтым, жаман емес. Жаңбыр болса, астық болады.

Кәрім Мәсімов өңіріміздің аграрлық саласындағы еңбек пен жаңа сүт кешенінің жұмысына оң бағасын беріп, элеваторлардағы өткен жылғы астықты Батыс Қазақстан облысына тасымалдауға мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінетіндігін жеткізді. Ол аймақта биыл астық тапшылығы болуы ықтимал. Кездесу соңында Премьер-Министр Қызылжар өңірінің диақандары биылғы астықты ысырапсыз жинап алулары керектігін ескертті.
 

 Самат Есмағи