МТРА жаңалықтары

Елордасы Астана және Петропавл қаласы күнін тойлау (арнайы хабар)

6-ші шілде – еліміз үшін тарихи маңызды күн. 1993 жылы дәл осы күні Елбасы Жоғарғы Кеңесте сөз сөйлеп, ел астанасын Ақмолаға көшіру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Міне Ақмола Астана болғалы 12 жыл өтті. Астана – бүгінде әсем де сәулетті  қала.

Бұл шаһарға келген қонақ таңданбай қоймайды. Еліміздің бас қаласы  14 облысқа үлгі, олар Елордаға қарап бой түзейді, –  деді Петропавлдың орталық  алаңына жиналған жұртшылықты құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіров. Салтанатты мереке осы күні туған сәбилердің ата-аналарына  сыйлықтар тапсырудан басталды. Одан соң осы күні некелерін қиып, болашаққа бірге  алғашқы қадам жасаған жас жұбайларға құрмет көрсетілді.

 

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

-Қалалықтарды мерекемен құттықтаймын, қаламыз одан әрі гүлдене берсін, осы қалыңдықтардай әдемі болсын.

 

Мұрат Оразалин мен  Динара Садуақасова  үшін де бұл  ұзақ есте қалатын қуанышты күн.  
 
 
 
Мұрат Оразалин:
-Дәл Астана күні үйлендік. Елімізде жастарға жастарға көп көңіл бөлініп жатыр. Біз де еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосуымыз керек.

 «Қаланың үздік адамдары» байқауының жеңімпаздары, облыс пен қаламыздың дамуына айтарлықтай үлес қосқан бірнеше тұрғынға қала әкімі арнайы сыйлықтар табыс етті. Олардың арасында «Вант» ЖШС тас қалаушысы Амангелді Омаров, «СУ-808» ЖШС директорының орынбасары Анатолий Юркин, «Султан ЭМК» АҚ диірмен-макарон кешенінің директоры Руфаил Губайдуллин,  «ПЗТМ» АҚ техникалық бюросының жетекшісі Владимир Кузнецов, бірінші қалалық аурухананың бас дәрігері Галина Маметова, Петропавл қаласының Құрметті азаматы, соғыс ардагері Степан Башкиров  бар.  

Степан Башкиров, ҰОС ардагері:
 – Мен биыл ұлы жеңістің 65 жылдығын Астана қаласында тойладым. Сол кезде Елордамыздың қаншалықты сұлу екенін көріп, таң болдым. Бірнеше ғасырлық тарихы бар төл қаламыз да осылайша гүлдене берсін.

 

«Дарын» мектеп-лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Алина Мейрамова мен №4 орта мектептің түлегі, интеллектуалдық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Наурызжан Исмаиловқа да құрмет көрсетіліп,  оларға  қала әкімі ноутбуктар  табыс етті.   Бүгін ауа райы құбылып, күннің көзі бұлттың ар жағына жасырынды. Алайда  осыған қарамастан қала жұртшылығы орталық алаңда тоғысты. Барлығы аспан астында  қалықтаған әсем әндер тыңдап, қыздардың мың бұралған биіне тәнті болды.

Тимур Әбдірешев

 

 

 

 

 

Қазақстан Конституциясы көшесінің   бүгінгі тынысы ерекше. Тұрғындар мен қала қонақтарының қарасы қалың, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін бар. Жол жиегінің екі шетінен жәрмеңке-көрме сөрелері жайғасқан.

 

 Солардың бірі  – этномәдени орталықтар ұйымдастырған қолөнер туындыларының көрмесі. Арасынан қырғызстандық шеберлердің бұйымдарын да кездестіруге болады. Айыр қалпақты қырғыз ағайын – ежелден қазаққа бауыр. Сондықтан мереке баршамызға ортақ дейді олар.  Қазақстандағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, мамыражай тыныштыққа қызыға  қарайды.

Қала қонақтары:

– Сіздердің қалаларыңызға арнайы көрмемен бірінші рет келуім емес. Бүгін қос мереке Астананың туған күні мен қала күні қатар тойланып отыр. Мерекелеріңіз құтты болсын.
-Барша қазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтаймын. Аспандарыңыз ашық, бейбітшіліктеріңіз ұзағынан болсын.

Алаңға жиылғандардың назарына ретрокөліктер көрмесі де ұсынылып отыр. Олардың арасында  ең ерекшесі –  1932 жылы шығарылған БМВ автомашинасы. Темір тұлпарды қызықтаушылар көп болды.  Өңіріміз ақ қайыңдар мен інжу көлдерге бай. Осының бәрін жергілікті қылқалам шеберлері өздерінің туындалыры арқылы көрсетуге тырысыпты.

Зайнулла Хабденов,  қала тұрғыны:

-Майлы бояумен салынған мына суреттер еріксіз назар аудартады. Өңіріміздің барлық әсемдігі бейнеленген. Адамға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Орталық алаңға жиылғандар алдынан бір мезетте айдында жүзген аққудай боп жүріп өткен “Келіндер парады” мен тал шыбықтай бұралып, икемділік пен сұлулықты паш еткен көркем гимнасшылардың өнерлері мереке шырайын аша түсті. Бүлдіршіндер  қос мейрамға деген өз тілектерін сурет арқылы жеткізуге тырысуда. Табиғатқа адамзат баласының әмірі жүрмейді. Бірақ ауа райының қолайсыздығына қарамастан барлығының жүзінде қуаныш, көзінде күлкі. Бірін бірі мерекемен құттықтауда.

Мерекеге қатысушылар:

-Астана еліміздің экономикасын, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дамытушы локомотив секілді. Елордамыздың туған күні құтты болып, еліміз бұдан әрі де өсіп-өркендей берсін.
-Елордамыз күннен-күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Әлі де өсе берсін. Ол барша қазақстандықтардың мақтанышы.
-Астананың туған күні мен қала күні баршамызға құтты болсын. Барша қазақстандықтарға ашық аспан, бейбіт өмір тілеймін.

Астананың туған күні мен қала күні мерекесі де спорттық шараларсыз өтпеді. Бұл жолы да орталық алаңға жиылғандардардың әрқайсысы шахмат пен дартстан өз бақтарын сынау мүмкіндігіне ие болды.

Самат Есмағи

 
 
 

 

Қызылжарлықтардың біразы қос мерекені атап өту үшін таңертеңнен  қалалық мәдениет және демалыс саябағына қарай ағылды. Мұнда петропавлдықтар үшін қызықты бағдарлама дайындалған.  


“Абай мен Пушкин” композициясының алдында мерекеге шыққандарды облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрі қарсы алды. Өнер ұжымы  қала тұрғындары мен қонақтарына ретро-бағдарлама ұсынды. Жыл сайынғы дәәтүрге айналған бұл концертте көпшілік сүйіп айтатын танымал әндер шырқалды. Қызылжарлық көрермендерді Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Мақпал Исабекова мен “101” тобы өздерінің әсем әндерімен қуантты. Белгілі әншілердің дауысын естіген қала тұрғындары бірден осы жерге қарай ағылды.  

Мақпал Исабекова, әнші:
-Петропавл тұрғындарын Астана күнімен, өздеріңіздің қала күнімен құттықтаймын. Осылай еліміздің барлық қалалары көркейе берсін.


 “101” тобы:
-Құрметті петропавлдықтар, бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздерге денсаулық тілеймін. Қалаларыңыз гүлдене берсін.

Бүгін орталық саябақта тағы бір қуанышты оқиға болды. Облыс
әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіровтың қатысуымен қаламыздағы ірі субұрқақтардың бірі іске қосылды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Астана және Петропавл күндеріне орай қалалық мәдениет және демалыс саябағында қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында бүгін біз субұрқақты ашып отырмыз. Енді бұл мәдени нысан қала тұрғындарының қуанышына айналатынына сенімдімін.

Субұрқақтың құрылысын мердігерлер былтыр бастады. Мұнда  ақын-жазушылардың 34 мүсіні орналасқан. Олардың ішінде С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, А.Чехов, А.Ахматова сияқты қазақ және орыс классиктері бар. Енді бұл көрікті жер жас пен кәрінің сүйікті демалыс орнына  айналмақ. Қос мерекені тойлау барысында қызылжарлықтар гитарашылардың өнерін тамашалап, жас суретшілердің еңбектерін бағалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қала тұрғындары “Саланг” әскери-патриоттық клубы ұйымдастырған көрмеге де куә болды.  Кішкентай петропавлдықтар үшін  де қызықты бағдарлама әзірленіп, ойындар өткізілді. Жеңімпаздар   сыйлықтармен марапатталды. Тойдың сәнін татар халқынының ұлттық мерекесі “Сабантуй” аша түсті. Саябаққа келген жұрт  татар-башқұрттың ұлттық өнерлеріне тәнті болып, өздері де ортақ мерекеге араласып кетті. Осылайша, Елордамыз Астана мен Петропавлдың туған күндерін  солтүстікқазақстандықтар көптеген қызықты шаралармен қызықты атап өтті. Қос мерекеде көңіл көтерген қызылжарлықтардың тілектері бір.

Тұрғындар:
-Астана – қазақ халқын, қазақ елін әлемге танымал еткен қала. Елордамыз дами берсін, гүлдене берсін.

-Қазақ халқын бұрын ешкім танымаған еді. Енді Елбасымыздың арқасында бүгінгі жетістіктерге жетіп отырмыз. Қос мереке қайырлы да құтты болсын.
-Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде айтарлықтай шаруалар атқарылып, Қазақстан дамып келеді.

Жасын Біркенов

 

 Осыдан екі ай бұрын көпшіліктің қолдауымен қалпына келтірілген Жеңіс саябағы да бүгін үлкен мереке алаңына айналған. Бұл жердегі шаралардың  басты қонақтары – балалар.

 

Ән салып, би билеген бүлдіршіндер тәуелсіздіктің қырандары, егемендігіміздің ұландары. Жеңіс саябағында  олардың өнер көрсетіп, ойын ойнап, көңілдерін көтерулеріне барлық жағдай жасалған. Петропавлда қос мерекеге даярлық бірнеше ай бойы жүргізілді, – дейді қала әкімі Нұржан Әшімбетов. Күн райының бұзылып тұрғанына қарамастан бала біткен мерекеге белсене араласуға тырысты. Асфальтка таңертеңнен сурет салуға кіріскен бүлдіршіндер бір-екі сағаттың ішінде мазмұнды туындыларды аяқтап жатты. Күлімдеген күн, көгілдір аспан, Астананың символына айналған Бәйтерек, көңілді бала – бұндай бейнелерді әр жеткіншектің суретінен көруге  болады.

 

 Саят Ермек:

Бәйтеректі салдым- ол Астананың символы. Ашық аспан болсын деп, аспанды, күннің көзін салдым. Барлығын Астана, қала күнімен құттықтаймын. Қазақстан гүлдене берсін.

Шырайлы Астана ересектердің де, балалардың да аузында. Жылдап емес, айлап көркейген еліміздің жүрегі
, бас қала қазақстандықтардың мақтанышы. Бүгінгі бүлдіршіндер болашақтарын Астанамен байланыстырады.

Әсел Әбдімәлікова:

-Астанада мамаммен болғанмын. Бәйтеректе қолымызды қойдық, арманымызды айттық. Мамам айтқан Астанада жұмыс істейсің деп.

Бүгінгі бүлдіршін – еліміздің ертеңгі болашағы.   Тұлымшақты ұл-қыздар уақыт өте Қазақстанның, Астананың өркендеуіне еңбек ететіндеріне сенім мол.
Арқа төсіндегі Астана Азиядағы  әсем қалаға айналды. Елорда мемлекеттер арасындағы келісімдер жасалатын, діндер өкілдері кездесетін, халықаралық экономикалық, әлеуметтік мәселелер шешілетін келісім мен татулық орталығына айналды. 

 

Мерекеге қатысушы тұрғындар:

-Бұрынғы Целиноград үлкен әлем таныған Астана болды. Қызылжарлықтарды қала күнімен құттықтаймын. Өзімде екі қуаныш болып отыр. Астана күні қарсаңында коммуналдық үйден пәтер алдым.
-Елордамыздың орталыққа көшіп келгені біз үшін жақсы болды деп ойлаймын.
Бүгінгі жетістіктердің барлығы біздің Президенттің парасатты саясаты деп ойлаймын.


Спорт алаңдарына шыққан балалар да жеңістерін Астана күніне арнады.
Уақыт өткен сайын Астананың әлеуеті арта түспек. Бас қаламен бірге еліміздің, қазақстандықтардың мерейі өсе береді.

Әсем Сембина