Қоғам

Петропавлда Астана және қала күні бірге тойланады

 

 

 

  

Астана  мен Петропавл қалаларының туған күндеріне Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының труппасы өз сыйлығын жасамақ. Сахнагерлер Қожаберген жыраудың “7 қасиет” жырына композиция дайындап жатыр. 10 минуттық  театрландырылған көрініске 19 әртіс жұмылдырылған. Бұл жерде еліміздің бүгінгі жетістіктеріне жол салған  рухани құндылықтар мен тарих басты тақырыпқа айналған.

Батырбек Шамбетов, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі, режиссер:
-Бүгін жетіп жатқан жетістігіміз, Елбасының жасап жатқан саясатының бәрі де терең тарихта жатыр. Біз осы күнге батыр бабаларымыздың арқасында жетіп отырмыз. Сондықтан осындай көріністер жасап жатырмыз.

Тәрбиелік мәні бар қойылымды театр труппасы бір ай бойы әзірлепті. Композиция орталық алаңда шілденің алтысында қалалықтардың назарына ұсынылмақ. Ал жалпы қос қала мерекесі облыс орталығының 3 бірдей алаңында: демалыс және мәдениет саябағында, Орталық және Достық  алаңдарында ұйымдастырылмақ. Салтанатты шара таңертең сағат 10-да басталады. Бұл күні демалыс және мәдениет саябағында жаңа субұрқақтың тұсаукесері мен татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының «Сабантойы» өтеді.

Аян Садаев, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
-Кешкі бағдарлама сағат 20.00-де басталады. Оған қатысатындар Қазақстан жұлдыздары Мақпал Исабекова және «101» тобы. Содан кейін 23.00-де Достық алаңында отшашу өтеді.

Мереке күні қаланың құрметті азаматтарына, үздік спортшылар мен  пәтер иелері кооперативтеріне грамоталар беріледі, сол күні некелерін қиған жастарға сыйлықтар табыс етілмек.

 

Гүлнар Мұқамеджанова