Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерге кедендік кодекс баптары түсіндірілді

 

 

 


Бұндай кездесулер екі жаққа да үйреншікті. Заңнамаға өзгеріс енгізілісімен осындай жиындар ұйымдастырылады. Бұл жолғысына кедендік одақ себепші. Кедендік кодекс жаңалықтары туралы айтылып жүргенімен, түсініксіз тұстары жетерлік. Әсересе бизнес саласында. Салық органдарының қызметкерлері Қазақстан мен Ресей аумағында  қолданылатын кедендік кодекс жерлестеріміз үшін көп мүмкіндіктер беретінін айтады. Алдымен – тасымалданатын жүкке құжат рәсімдеудің шығыны азаймақ. Жүктің уақытша сақтау қоймаларында тұрғандығы үшін және кедендік баж салығы жойылады.
Сондай-ақ, салық төлеушілерге уақыт шегеру түріндегі жеңілдік те жасалмақ. Бұл еліміздегі кәсіпкерліктің кең қанат жаюына мүмкіндік бермек. Өйткені жұмыс істеу жеңілдейді.

Наталья Юрькевич,“Танойл” ЖШС есепшісі:
Сатып алушыларымызбен алдын ала төлем жасамай, керісінше, кейін төлеуге келісуге болады. Әрине, қазір күрделі мәселелер көп-ақ. Әзірше, бәрі құжат түрінде бекітілмеген. Бірақ көш жүре түзеледі дегенге сенемін.

Кедендік кодекс тек одаққа мүше елдер көлемінде ғана заңды күшіне ие. Онымен қатар әр елдің ішкі мемлекеттік кодексі жұмыс істей бермек. Бұл құжат үшінші елдерге қатысты. Кездесуге жиналғандар өтпелі кезең жайлы да сұрастырды. Қазірдің өзінде кедендік одақ күшіне енгелі бірқатар келісімшарттар жасалды.

Сәуле Мүсілімова, СҚО бойынша салық департаментінің басқарма бастығы:
Егер шілденің біріне дейін кеден органдарында алдын ала, уақытша немесе мерзімдік декларациялау жүргізілсе, қалған шаралардың барлығы сол мекемеде аяқталады. Ал егер РФ, Белоруссия аумағында  рәсімделіп, тауар елімізге шілде айынан енгізіле бастаса, онда өтініш жазу керек.

Салық жинаушылар мен оны төлеушілердің арасындағы мұндай кездесулер әлі де өткізілмек.
Өзгерістер жайлы фискалды органның сайтынан да ақпарат алуға болады.

 

Гүлмира Шоқтыбаева