Бизнес және экономика

Ақжар ауданында екі кәсіпорын ашылды.

Кварц құмы Айсары кенішінен әкелінеді. “Ақтөбе гласс” ЖШС зауытынан ол 40 шақырым қашықтықта. Бұл құм шыны құрамының 98 пайызын құрайды. Дәл осындай зауыт біздің елде жоқтың-қасы. Кварц құмын байыту фабрикасы ауқымды әрі қомақты жоба. Оның құрылысына 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалды. Осы зауыттан шыққан өнім өндірісте үлкен сұранысқа ие.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Қазақстанға шыны өндірісіне қолданылатын кварц құмы сырттан әкелінеді. Бұл кәсіпорынның іске қосылуы осы олқылықты жояды. Байытылған құм шыны ыдыс жасауға таптырмас кен.

“Ақтөбе гласс” зауытының жылдық қуаты – 350 мың тонна. Фабрика басшылығы құмның арқасында бір жылдың ішінде 600 миллион теңге пайда көрмек. Ең бастысы осы маңдағы ауылдың халқына жұмыс табылды.

Мұратбек Ахметжанов, “Ақтөбе гласс” ЖШС жұмысшысы:
-35 адам жұмысқа орналасты. Олардың барлығы осы Ленинград ауылынан. Жұмыс табылды, көркейе берсін ауданымыз.

Бүгін зауыттың екі желісі іске қосылды. Ал жыл соңына дейін өндіріс ошағы толық қуатына көшпек.

Александр Симон, “Ақтөбе гласс” ЖШС бас директоры:
-Зауыттың бес желісі өндірісті бастаған кезде 150 адамды еңбекке тартамыз. Бұны жыл соңына жоспарлап отырмыз. Біз кварц құмын Қазақстанның бірнеше қалаларына жібереміз.
Түменде шыны зауыты салынып жатыр. Олар да біздің клиентіміз болады. Ал әзірше серіктестерімізге 8 мың тонна дайын өнімді жібермекпіз.



Бұл күні тағы бір инновациялық жоба жүзеге асты. “Шунгит” зауыты қиыршық тас өңдеуді қолға алды. Ашық аспан астындағы зауыттың жұмысымен облыс әкімі танысты. Бұл фабриканың жұмыс істеу механизмі қарапайым: үлкен тасты бөлшектеп, ұсатады. Ұп-ұсақ қиыршық тас кез-келген құрылыста қолданылады. Кәсіпорында 60 адам еңбектенуі тиіс. Сөйтіп, бір күнде облыс экономикасы үшін аса маңызды екі зауыт іске қосылды.

Серік Біләлов; Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елбасының тапсырмасы орындалды. Алты жоба жұмыс істеп жатыр. Екінші жартыжылдықта тағы 3 нысан іске қосылады.

Бұдан кейін облыс әкімі аудан диқандарымен кездесіп, егіннің шығымдылығы жайында әңгімелесті. Талшық ауылында өңір басшысы аудан спортшыларына есепті кездесуде уәде етілген жаңа «Газель» автокөлігінің кілтін табыс етті. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі “Жол картасының” орындалу барысымен танысты.

Тимур Әбдірешев