Бизнес және экономика

Кеденде кедергі азайды

 

 

 

 

Шілденің бірі Қазақстан мен Ресей кедендік одаққа бас қосып, бірі-біріне қақпаларын айқара ашып тастады. Біраз уақыт талқыға салынып, талай өзгертулер көрген Кедендік кодекс күшіне енді. Кеденшілер “бұл тарихи оқиға” дейді.

Шекарадан өткен алғашқы көліктерді кеденшілер қошеметпен қарсы алуда. Бірнеше жылдан бері Ресейден тауар тасып жүрген Олег Ульянов жаңа одақтың жеңілдігін алғаш сезінгендердің бірі.


Олег Ульянов, жүргізуші:

-Кепілдік міндеттемелер алынып тасталды. Бұрын осы құжатты күтіп,  бірнеше тәулік тұратынбыз. Бүгін тауардың, өзімнің төлқұжатымды ғана көрсеттім. 15 минуттың ішінде кеденнен өттім. Шымкентке дейін кедендегі жаңалықтар туралы өзгелерге айтып баратын болдым.


Бірыңғай одақ арқасында кәсіпкерлер үшін міндетті құжаттар қатары азайтылған. Ал кедендік төлемдерді келесі айдың 20-на дейін салық органдарына тапсыру керек.

Данияр Камашов, СҚО кедендік бақылау департаментінің бас маманы:

– Кедендік мағлұмдама, автокөліктерге жеңілдетілген міндеттемелер толтыратын, уақыт кететін. Бүгінде оның барлығы алынып тасталды.

Бірнеше күн кеден басында  қаңтарылып отыратын  жүк көліктерінің иелері әп-сәтте істерін тындырып, келесі бетке өтіп жатыр. Жеңіл көлікпен шекара кескен жолаушылар да  кедендік одақ әкелген жаңалықтарға риза.


Антонина Шербинина:

Қазақстандағы туыстарыма , достарыма жиі келемін. Демалысымызды осында өткіземіз. Үлкен өзгерістерді көріп, тіпті қуанып қалдым. Кедендік декларация толтырып, біраз уақыт тұратынбыз, ендігі уақытта құжаттық бақылаудан ғана өттік.


Александр Ковтун

-Былтыр қыста шекарадан өткенбіз. Бұл жолы үлкен жеңілдікті сезіндік.


Кедендік рәсімдеу алынып тасталғанмен, рұқсат етілмеген заттарды іздеу, яғни көліктерді тексеру сақталады. Сондай-ақ шекара қызметіне қатысты құжаттар тізімі өзгеріссіз қалған.


Рахат Нұрғалиев,  “Жаңажол” шекара бақылау бөлімі бастығының орынбасары:

-Бұрынғыдай төлқұжат тексеру, көлік бақылау процедуралары міндетті түрде жүргізіледі.


Кеден басындағы көліктер азайған. Жыл соңына дейін бекеттердегі кеденшілер қатары да сирейтін түрі бар.
Бұндай өзгерістерге мемлекеттік қызметшілер әзір.

Данияр Камашов

 – Онда оңтүстік облыстардағы шекараға барамыз. Оған әзірміз.


Кедендік одаққа қатысты өзге де өзгерістер шілденің бесі Астанада өтетін Қазақстан, Ресей мемлекеттері басшыларының кездесуінде қаралатын болады.


Әсем Рахметова