МТРА жаңалықтары

Жергілікті ғалымдар астық шығымдылығын арттыруға, энергия үнемдеуге көмектесе алады

 

 

 

 

Наталья Белецкая активтелген судың мүмкіндігін төрт жылдан бері зерттеп жүр. Микрокөпіршіктелген суды дәнді дақылдар тұқымын өңдеуде пайдаланған. Тәжірибе көрсеткеніндей, бұл технология астықтың  шығымдылығын арттырады. Өткен жылы “Большемалышенское” серіктестігінің егістігінде    активтелген сумен өңделген тұқымның шығымдылығы өзге алқаптармен салыстырғанда 15 пайызға жоғары болған.

Наталья Белецкая, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, география ғылымдарының кандидаты:
-Зерттеу жұмыстары жақсы нәтиже көрсетті. Егін шығымдылығы жоғары болды. Тұқымды активтелген сумен өңдеу оның сипатына еш әсер етпейді. Қауіпсіз. Бұл ретте активтелген суды химиялық дәрінің орнына қолдануға болатынын айтқым келеді.

Бұндай судың өндірісте де алар орны ерек­ше дейді профессор. Мәселен, активтелген сумен дай­ындалған бетон жай су қосыл­ғандағыдан 20 пайызға берігірек бола­ды екен. Бұл өз кезегінде әрбір тек­ше метр бетоннан 15 пайыз цемент үнемдеуге мүмкіндік береді. Наталья Петровна бұл зерттеулерді алматылық ғалымдармен бірлесе жүргізген. Ғалымдардың ұсынатын тағы бір жобасы бар. Жаңа әдіс жылу энергиясын үнемдеудің тиімді амалы деген сенімде профессор, техника ғылымдарының кандидаты Болат Аспандияров. Ғалымдардың конструкциясы төртінші қалалық емхана мен көпқабатты үйлердің бірінде тәжірибеден өткізілген. Нәтиже айтарлықтай. Жылу энергиясы қырық пайызға дейін үнемделген. Құрылғы жылу шығынын сырттағы температураға байланысты реттеп отыруға мүмкіндік береді. Енді ғалымдар осы жаңалықтарымен тиісті органдар мен жылу беруші кәсіпорындармен бөліспекші.

Айымгүл Әбілева