МТРА жаңалықтары

Сыбайластыққа қарсы күрес жалғасуда

 

 

 


 

Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында  мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар көп істің басын қайырыпты. Бұл қоғамдық кесел  жайындағы ақпараттық жұмысқа  биыл 590 мың теңге бөлінді. “Таза сессия” мен “Өзіңнен баста” акциясы маңызды іске өз үлесін қосты. Телеарна мен баспасөз бетінде жемқорлық жайында 600 хабар шықты. Алайда осыған қарамастан, қоғамдық індеттің түбіріне балта шабылған жоқ.

Серік Алмолдин, “Нұр Отан” ХДП ОФ жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы:
-“Транспарейшн” ұйымы біздің облыста сауалнама жүргізді. Тұрғындардың 41 пайызы сыбайлас жемқорлық кең етек жайған орган деп жол полициясын атапты. Сондай-ақ кеден, жоғары оқу орындары, соттар да осы қара тізімнен табылды. Бұл  қоғамда жемқорлық фактілерінің әлі де азаймағанын айғақтайды.

Халықтың заңды білмеуі жемқорлыққа жол ашады.  Бұл бағыттағы жұмысты “Нұр Отан” партиясының филиалы қадағалып, қолға алғаны жөн делінді кеңесте. Мемлекеттік қызметшілер де сауатты болуы тиіс. Ал Шал ақын ауданындағы жағдай мүлдем басқаша. Бұл аудандағы мемлекеттік органдардың жұмысынан 55 кемшілік анықталыпты. Әкімнің құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісінің өзі сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылуы да біраз нәрседен сыр береді. Облыс әкімі  осындай жағдайға көзін жұмған аудан әкімі аппараты жетекшісінің қызметін қатаң сынға алды.   

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Шал ақын ауданының мемлекеттік органдарының соңғы екі жылдағы қызметі тексерілсін. Содан кейін бұл мәселе бойынша шешім қабылдаймыз.

 

Кеңесте сондай-ақ, Тәртіптік кеңестің алғашқы алты айдағы жұмысы да талқыға түсті. Бұл орган биыл 159 тексеріс өткізіп,  609 заң бұзу фактісін  анықтаған.  Бірақ оған өңір басшысының көңілі толған жоқ.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Кемшіліктерді жоюға бағытталған жұмыс жүргізу  керек. Оның орындалуы қатаң бақылауға алынсын. ведомствоаралық комиссияның ұсыныстары да орындалуы тиіс.

Тимур Әбдрешев