МТРА жаңалықтары

Банк ісі қазақ тілінде оқытылды

 

 

 

12 студент жоғары оқу орнында жеделдетілген түрде білім алды. 2006 жылы сырттай бөлімге түскен олар бүгінде диплом жұмыстарын облыстың басты қаржыгері Жомарт Қажырмақымовтың алдында қорғамақ. Әсем Әмірова университетке колледжден соң келіпті. Студент жұмысын “Банктегі қаржы менеджері ” деген тақырыпта жазған.  

Әсем Әмірова, СҚМУ түлегі:
-4 жыл бойы алған білімімді бүгін қорытындыладым. Дипломдық жұмысымды қиын болса да, сәтті қорғадым деп ойлаймын. Бұл мамандықтың болашағы зор. Қазір басқа салада жұмыс істесем де, диплом алғасын банкке қызметке кіремін деген ойдамын.

Ал Дәурен Әділұлы қазірдің өзінде банкте жұмыс істейді. Бұл оның екінші дипломы. Алғашқысын ақпарттық жүйе мамандығы бойынша қорғапты.

Дәурен Әділұлы, СҚМУ түлегі:
-Оқу бітіргеннен БТА банкте жұмыс істеп келемін. Кейін қаржы саласына түстім. Себебі мен осы саланың білікті маманы болғым келеді, әрі жұмыс баспалдағында көтерілуге көмектеседі.


Бұл жастардың университеттегі соңғы сынағын Қазақстан Ұлттық банкі филиалының директоры өзі қабылдап отыр. Оған себеп те бар. Жыл санап банк және қаржы мамандығын бітіретін түлектердің саны артуда. Қойылатын талап пен білім сапасының деңгейі де өскен. 2009 жылы 250 студент университетті осы сала боынша бітірсе, биыл олардың саны тіпті 330-ға жеткен.

Жомарт Қажырақымов, ҚР Ұлттық банкі СҚОФ директоры:
-Биылғы жылдың басты ерекшелігі кафедра қазақ бөлімінде оқыған 30 студентке диплом береді. Олардың барлықтары да жұмыс таба алады деген ойдамын. Себебі қазір банктер қызметкерлердің санын көбейтуде. Және де бүгін диплом қорғап жатқандардың арасында екеуі менің кеңесім бойынша банкке қызметке алынбақ.


Ал несие және қаржы кафедрасының меңгерушісі Ольга Цапова қыз-жігіттердің оқулары зая кетпейді, олар түрлі салада еңбек ете алады дейді.

Ольга Цапова, СҚМУ экономика факультеті несие және қаржы кафедрасының меңгерушісі:
-Биыл еңбек нарығы білімді жастармен толықпақ. Біз қаржыгерлерді түрлі салаға дайындаймыз. Түлектеріміз сақтандыру компаниялары, құнды қағаздармен жұмыс істеу, салық, қазына саласында да еңбек ете алады. Барлығы – 6 сала. Сондықтан бәріне жұмыс табылады деп ойлаймын.


Экономиканың күн санап алға жылжыған шағында қаржы және банк саласы қызметкерлерінің қатары қалыңдайтындығы қуантады. Бірақ олардың саны емес, сапасы жақсы болса игі. Сондықтан да дипломдық жұмыстар қатаң бақылаудан өткізілді.

 

Гүлнар Мұқамеджанова