МТРА жаңалықтары

Шағын комплекті мектептердің бүгіні мен болашағы

 

 

Бастауыш мектепте кемінде – 5, негізгіде – 41, орта мектептердегі бала саны 80-нен жоғары болу керек. Сонда ғана мекеме толыққанды білім ошағы болып саналады. Алайда соңғы кездері бұл көрсеткіштер күрт азайып, мектептердің басым бөлігі шағын комплекті деп танылып отыр. Достық үйінде педагог кадрлардың басын қосқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға арқау болған тақырып та осы. Онда бұл мәселе егжей-тегжейлі талқыланды.

Исқақ Беженов,  тарих және география пәнінің мұғалімі, Жамбыл ауданы:

-Тұрмыс жағдайына байланысты халықтың көшуі мектептерде бала санының қысқаруына әкеліп отыр. Осы жағы мұғалімдерді алаңдатады. Конференцияға қатысудағы мақсатымыз – осы проблемаларды ортаға салып, одан шығар жолды бірлесіп қарастыру.

Шағын комплекті мектептер жалғыз біздің облысқа қана емес, республикаға ортақ проблема. Сондықтан оны бірлесіп шешу қажет дейді мамандар.

Ғабиден Қайдауылов, ПКБАҚДИ әдіскері, Қызылорда облысы:

-Шағын комплекті мектеп мәселесі бізде де бар. Бүгін сіздердегі бірнеше осындай білім ошақтарын аралап көрдік. Оларда бала саны аз болғанымен материалдық-техникалық базасы жақсы. Мұғалімдер де тәжірибелі. Үйренер тұстарымыз көп. Бүгінгі конференция бір-бірімізбен тәжірибе-пікір алмасуымызға септігін тигізеді деген ойдамын.

Қандай мектеп болмасын, балалар тиісті деңгейде білім алулары қажет. Алайда кадр тапшылығына байланысты бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беріп жүр. Бұл оқушыға да, ұстазға да қиын.

Тамара Лахтина, СҚ ПКБАҚД институты директорының орынбасары:

-Республика бойынша шағын комплекті мектептер 56 пайызды құраса, бізде ол 88,1 пайыз. Бұл өте көп. Соған қарамастан, біз мектеп санын қысқартпай, жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде осы мәселеге байланысты еліміз бойынша арнайы концепция қабылданып, қазір ол министрлік қарауына жіберілді. Онда алда қалай жұмыс істеу керектігі толығымен көрсетілген. Бүгінгі жиын осы ұсыныстарды тағы бір пысықтауға арналып отыр.

Шағын комплекті мектептердің дені ауыл-селоларда. Ал олар жабылатын болса, тұрғындардың жаппай көшуіне әкеп соқтырады. Конференцияға қатысушылар мектептерді шағын комплекті деп танымас бұрын осы мәселені ескеру қажет дейді.