МТРА жаңалықтары

Айыртау өңірінің сұлу табиғатын тиімді пайдалана алмай отырмыз

 

 

 


 Жазы қысқа солтүстік өңірде демалыс кезеңі де ұзақ емес. Осы уақытта демалушыларға сапалы қызмет көрсететіндей туристік саланы дамыту керек. Облыста туристік саланы дамытудың 2 кезеңдік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Айыртау ауданы – еліміздегі  демалысқа қолайлы өңірдің бірі. Сондықтан осы ауданда туристік саланы дамыту қолға алынды.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

Айыртау ауданы Арықбалық ауылдық округіндегі Имантау көлінің жағасына туристік-сауықтыру базасын салу жоспарланған. Жоба-сметалық құжат құны 4 милиион 800 мың теңгені құрайды. Құрылыс 150 млн теңгеге түседі. Шалқар көліне дейінгі екі шақырымдық жолды жөндеу қажет. Толық қалпына келтіруге 115 млн теңге қажет.

Еленовка – Чистополье тас жолын жаңарту, демалыс базалары жанынан 5 автомобиль тұрағын салуға да қаржы керек. Аудан облыстық бюджетке ауыз ашады. Осыдан екі ай бұрын облыс әкімі Айыртау ауданында болып, демалыс орындарын жазғы маусымға дайындау мәселесін тапсырған болатын. Тапсырма күні бүгінге дейін орындалмаған.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

– Ресей Федерациясының, облыстың , Ақмола өңірінің тұрғындары осында демалуға келеді. Ал сіздер болсаңыздар ауданның бюджетін толтыра алмай әлексіздер. Тек облысқа қарайлауды білесіздер. Жоба-сметалық құжатты, екі шақырым жолды өз қаржысына жасай алмайтын ауданнан не қайыр?

Аудан аумағындағы демалыс орындарының иелері мемлекеттің ерекше қорғауындағы жерді өте төмен бағамен жалға алып отыр. Соған қарамастан базаларды көркейтуге құлықсыздық танытуда. Осыдан аудандағы туристік саланы дамыту мәселесі алға баспай тұр.
Оны ауданға демалушылар жөнелтетін туристік агенттік өкілдері де растайды.

Наталья Козлова, “Турист” туристік фирмасының директоры:

-Кереуеттерінің сымдары еденге дейін созылады. Туристер көптеген арыздарын айтып келеді. Демалыс орындарының санитарлық жағдайы өте төмен, жолдар нашар. Демалысқа барған адам аса қуанып қайтпайды.

Облыстағы туризмді дамытуға әр басқарма атсалысуы қажет. Туризм мәселесі шілденің 20-сы облыстық әкімдікте тағы бір қаралатын болды. Әкімдік отырысында өңірдегі егіс алқаптарын к
еңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыс та тыңдалды. Соңғы 5 жылда облыста айналымға енгізілген жер көлемі 1 миллион 20 гектарды құраған. Үстіміздегі жылы пайдаланылмай келген 85 мың гектар жер қолданысқа қосылмақ.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 -Биыл біз майлы дақылдарға бөлінген жер көлемін екі есеге арттырдық. Бірақ дәнді дақылдар аумағына тиіскен жоқпыз. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Жеріміз құнарлы, сондықтан оны барынша пайдалануымыз керек.


2011 жылға дейін 5 миллион гектарды дән себуге пайдалану жоспарланған.

Әсем Сембина