МТРА жаңалықтары

Туристер жарысы

 

 

 Биыл жарысқа 11 құрама жиналған. Өткен жылғы сайыс 6 құраманың арасында өткен болатын. Өзгермегені – сайыскерлерің саны – әр құрамада 6 қатысушы мен инструктор болуы тиіс. Жарысқа жиналғандардың арасында достарын қолдауға келген жанкүйерлердің қатары қалың.

Руслан Есеналин, СҚО спорт және дене шынықтыру, туризм басқармасы бастығының орынбасары:
-Жарыстың аудандық және қалалық кезеңіне 10 мыңнан аса оқушы қатысты. Мұнда тек сол кезеңдердің жеңімпаздары ғана жиналды. Олардың арасынан республикалық ақтық сынға қатысушыларды анықтаймыз.

Алаңда тізілген көп шатырлар нағыз қалашыққа ұқсайды. Тамақ дәстүрге сай отқа пісіріледі. Ұлдар отын дайындаса, қыздар жағы теориялық білімдерін шыңдауда.

Михаил Дугарь, СҚО білім басқармасының аймақтық алғашқы әскери даярлық және спорт, дене шынықтыру оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:
-Жарыс белгілі бір аймақты тез танып-білуге, кедергілерді бағындыруға көмектеседі. Мұнда бізге университеттің студенттері көмектеседі. Балаларға туристік техника бойынша алғашқы ережелерді үйретеміз.

 
Міне жарыс басталды.  Алғашқы сынақ – арқанмен шұңқырдан өту. Ал шұңқырдан аман өткендерінің алдында батпақты дала жатыр. Толарсақтан су кешкен оқушылардің алдында одан әрі тау бар. Биік болмаса да, оған асқан сақтықпен шыққан жөн. Жарақат алғандарға алғашқы жәрдем жасау да жарыстың ережесінде бар. Соңғы сын – ордан таяқпен секіріп өту. 


Қайрат Сартаев, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:
-Өзге спорттық ойындардағыдай мұнда да жеңіс, бақталастық бар. Сайыстың қиындықтары батпақ, саз, тікенектер мен шұңқырлар.Дегенмен, туристер осының бәрін бағындырулары керек қой.

Барлық қиындықтарды Мағжан Жұмабаев ауданынан келген балалар бірінші болып бағындырды. Екінші орында есілдіктер, ал петропавлдықтар үшінші орынды місе тұтты.

Гүлнар Мұқамеджанова