МТРА жаңалықтары

Басшылар арасындағы спартакиада

 

 

 

 

 

Облыс әкімі аппараты, аудандық, қалалық және облыстық атқарушы органдар  қызметкерлері  үш командаға бөлініп, шағын футбол, стритбол, арқан тарту сияқты спорт түрлерінен сайысты. Айта  кету керек, мұндай спартакиада өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
 – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес биыл біз солтүстікқазақстандықтарды спортқа тарту үшін ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Оған бүгінгі спартакиада дәлел. Өз атымнан сайысқа қатысушыларға жеңіс тілеймін.

Шағын футболдан алғаш болып алаңда өңір басшысы Серік Біләловтың командасы  және аудандар, қала басшыларының құрамасы кездесті. Матч қызу басталды. Ойынның бірінші минуттарынан облыс әкімінің аппараты басым түсіп, қарсылас қақпаға 7 доп салды. Аудан және қала басшылары тек 1 голмен ғана жауап қайтарды. Ал бұл уақытта облыстық департаменттер мен басқармалардың жетекшілері стритболдан бақтарын сынап жатты.

Надежда Патюткина, облыстық дене тәрбиесі, спорт және туризм басқармасының бастығы:
 – Бұл сайыстың маңызы зор. Егер өңіріміздің бірінші жетекшілері спортпен шұғылданса, жұрт олардан үлгі алады. Осылайша халықтың 30 пайызын спортқа тартып, Елбасының жолдауын жүзеге асырамыз.

 
Арқан тарту сайысында бәсекеге түскен үш команданың ішінен аудандар және қала әкімдерінің құрамасы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ал шағын футбол мен стритболдан облыс әкімінің аппараты бірінші орынға ие болды. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте бас кубок Серік Біләлов бастаған командаға бұйырды.

Есләмбек Бекмұрзин,  бас төреші:
-Өңіріміздің бірінші жетекшілерінің арасында өткен сайыс өз жалғасын келешекте де табады деген ойдамыз. Бұл жақсы бастама. Оның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау.

Жасын Біркенов